Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) шеңберінде дүниежүзі мемлекеттерінің басшылары бас қосып, экологиялық басымдықтарын мәлімдей бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Антальядағы жиын және басты қайшылықтар
Климаттық келіссөздерге әлемнің 200-ге жуық елінен делегаттар қатысуда. Келіссөз жүргізушілер жаһандық энергия тұтынудағы электр қуатының үлесін арттыру және қазба отынынан бас тарту жөнінде ортақ мәмілеге келуге тырысуда. Жаһандық жиын халықаралық шиеленістер, инфляция және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері өршіп тұрған кезеңде өтіп жатыр.
БҰҰ-ның жуырдағы баяндамасына сәйкес, жаһандық температураның көтерілуі Париж келісімінде белгіленген 1,5 градустық қауіпсіз шектен асып кету қаупінің алдында тұр. Саммит мінберінен Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва, Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Қытай төрағасының орынбасары Хань Чжэн және Маршалл аралдарының басшысы Хильда Хайн сөз сөйлейді. Ал тарихи түрде атмосфераға ең көп зиянды қалдық шығарған АҚШ бұл жиыннан екінші жыл қатарынан тыс қалды. Президент Дональд Трамп Ақ үйге оралған соң халықаралық климаттық шарттардан шығып кеткен болатын.
Түркияның «35 пайыз» бастамасы
Саммитке төрағалық етуші Түркия қорытынды құжатқа экономиканы жаппай электрлендіру міндетін енгізуді көздеп отыр. Ұсынылған жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай әлемдік жалпы энергия тұтынудағы электр қуатының үлесі 35 пайызға жеткізілуі тиіс. Бұл көрсеткіш қазіргі уақытта шамамен бестен бір бөлікті құрайды. Түркия тарапының пікірінше, бұл қадам автокөліктер, өндіріс орындары мен тұрғын үйлерден бөлінетін қалдықтарды айтарлықтай азайтады.
Алайда сарапшылар мен экобелсенділер құжаттың осал тұстарын атап көрсетті. Ұсыныста өндірілетін жаңа электр қуатының тек жаңартылатын таза көздерден алынуы міндеттелмеген. Яғни электр станциялары бұрынғыдай көмір немесе газ жағуды жалғастырса, қалдықтар тек автокөлік құбырынан зауыт мұржаларына ауысады. Оның үстіне саммитті ұйымдастыруға жетекшілік етуші Түркия мен Австралияның өздері электр энергиясын өндіруде көмірге әлі де қатты тәуелді болып отыр.
Іске асыру мен нақты шаралар
2015 жылғы Париж климаттық келісіміне жетекшілік еткен Францияның бұрынғы премьер-министрі Лоран Фабиус мемлекет басшыларының үндеуі келіссөздерге тың қарқын беруге тиіс екенін мәлімдеді.
«Бұл – көшбасшыларға жаңа шешімдерін жариялап қана қоймай, уәделерді қалай жүзеге асыратынын түсіндіруге берілген мүмкіндік. Өйткені Антальядағы ең түйінді сөз – іске асыру», – деді Лоран Фабиус.
БҰҰ-ның қатаң ескертуі
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш жиында сөйлеген сөзінде әлем елдерінің экологиялық әрекеттері өте баяу екенін ескертіп, қазба отындарына тәуелділікті тоқтатуды қатаң талап етті.
«Қазба отындары динозаврлар секілді келмеске кетуге тиіс. Бірақ ол өздігінен болмайды. Динозаврларда лобби болған жоқ, ал қазба отыны алпауыттарында лобби бар», – деп мәлімдеді Антониу Гутерриш.
Антальядағы COP31 саммиті аясында мемлекет және үкімет басшыларының баяндамалары апта соңына дейін жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







