Қазақстанда жол ережесін жиі әрі өрескел бұзатын жүргізушілерге қарсы балдық жүйе енгізілмек. Бір жыл ішінде 20 балл жинаған азаматтың жүргізуші куәлігінің қолданысы бір жылға тоқтатылуы мүмкін, — деп жазады Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, әр құқық бұзушылық оның ауырлығына қарай бағаланады. Жүргізушіге әрбір ереже бұзғаны үшін 1-3 балл есептеу қарастырылып отыр. Нақты тәртіп әлі талқылануда.
«Қазір айыппұлдарды елемейтін қасақана құқық бұзушылар бар. Олармен күресу үшін балдық жүйе енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бірнеше рет және өрескел заң бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінің қолданысын бір жылға тоқтату көзделеді», — деді министр Үкімет отырысында.
Балдарды есептеу кезінде Бас прокуратураның Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізіліміндегі мәліметтер пайдаланылады. Күнтізбелік бір жылда 20 балдық шекке жеткен сәтте жүргізуші куәлігінің қолданысы дереу тоқтатылмақ. ІІМ тиісті заңнамалық түзетулерді жақын арада Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынады.
Премьер-министр Олжас Бектенов полицияға қасақана жол бұзушыларға қатысты тәсілді қайта қарауды тапсырды. Оның сөзінше, мұндай жүргізушілерге айыппұл төлеу кезінде жеңілдік берілмеуі керек. Жаза сомасы құқық бұзушылық санына қарай бірнеше есе өсуге тиіс.
Ұсынылған шаралар жол апаттары мен адам өлімін азайтуға бағытталған. Жаңа жүйе қабылданса, жауапкершілік айыппұл көлемімен ғана шектелмейді. Жолдағы тәртіпті тұрақты бұзған жүргізушілер көлік басқару құқығынан уақытша айырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







