Қазақстанда барлық банкке ортақ бірыңғай QR-кодты енгізу белгіленген мерзімнен де ертерек аяқталуы ықтимал деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай мәлімдемені Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова жасады.
Агенттік басшысының айтуынша, мәселенің негізгі бөлігі Ұлттық банктің құзыретінде тұр. Өйткені ұлттық төлем жүйесін қалыптастыру мен іске қосу міндеті дәл осы қаржы институтына жүктелген.
Мәдина Әбілқасымова қазір басты түйткіл банктерді жүйеге қосу кезеңіне тіреліп отырғанын айтты. Оның сөзінше, заң деңгейінде барлық банк үшін бірыңғай QR-ға қосылу және оны енгізу міндеті қарастырылған. Аталған норма биыл шілде айында күшіне енеді.
Сонымен қатар агенттікке жеткен мәліметке сүйенсек, Ұлттық банк сол мерзімді күтпей-ақ, банктерді бірыңғай QR жүйесіне алдын ала қосып үлгеру үшін жұмысты күшейтіп жатыр.
Жаңа тетік іске қосылса, төлем жасау тәртібі әлдеқайда жеңілдей түспек. Әсіресе шағын банктердің клиенті үшін мүмкіндік аясы кеңейеді. Қазір ондай қаржы ұйымдары POS-терминал желісі шектеулі болғандықтан, ірі нарық ойыншыларының инфрақұрылымына тәуелді болып отыр.
Бірыңғай QR осы алшақтықты қысқартуға жол ашпақ. Яғни қай банктің клиенті екеніне қарамай, төлем процесі бірізденіп, нарықтағы ыңғайсыз кедергілер азаюы мүмкін. Сөйтіп, төлем кеңістігіндегі бұрынғы бөлшектену біртіндеп ортақ жүйеге бағынатын кезеңге жақындап келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







