Қазақстанда 19 шілдеден бастап банктер арасындағы бірыңғай QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылады. Жаңа тәртіп толық жұмыс істесе, сатып алушыға дүкендегі терминалдың қай банкке тиесілі екенін аңдап жүрудің қажеті қалмайды. Телефондағы өз банкінің қосымшасын ашып, ортақ кодты сканерлеу жеткілікті болады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірыңғай QR жүйесі былтыр да кеңінен жарнамаланған еді. Алайда жоба толыққанды іске қосылмай, алғашқы талпыныс алты банктің қатысуымен шектелді. Кейін қызмет 2026 жылғы наурызда түгел қолжетімді болады делінгенімен, белгіленген мерзім тағы кейінге шегерілді.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Әйгерім Ілиясованың айтуынша, 19 шілдедегі ресми іске қосу жүйе сол күні-ақ барлық жерде мінсіз жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Қызметке қаржы ұйымдары кезең-кезеңімен қосылады.
Мәселен, сатып алушының банкі ортақ QR жүйесін қолдағанымен, сауда орнына қызмет көрсететін банк әлі қосылмаса, төлем өтпеуі мүмкін. Сондықтан алғашқы апталарда жаңа сервистің қолжетімділігі жүз пайызға жетпейді.
«Негізгі банктер толық қосылған жағдайда, сатып алушы төлем жасаудың ыңғайлы жолына және банк таңдаудағы еркіндікке ие болады. Клиентке енді нақты дүкенде қай банктің терминалы тұрғанына бейімделудің қажеті жоқ», — дейді сарапшы.
Жаңа жүйе әсіресе бір банктің картасы немесе қосымшасы жоқ болғандықтан, QR арқылы төлем жасай алмай жүрген азаматтарға қолайлы. Ортақ код іске қосылған соң сауда орны әр банкке жеке-жеке QR іліп қоюдан арылуы тиіс.
Кәсіпкер үшін өзгерістің қаншалықты тиімді болары әзірге белгісіз
Қазір дүкендер әр төлемнің шамамен бір пайызын эквайринг қызметі үшін банкке аударады. Шағын сауда орны үшін мұндай комиссия айналымға салмақ түсіреді.
Әйгерім Ілиясованың есебінше, тауардың сатып алу бағасына қосылатын орташа үстеме шамамен 15 пайызды құрайды. Соның 4 пайызы сатушының еңбекақысына, 3 пайызы салыққа, тағы 1 пайызы банк комиссиясына кетуі мүмкін. Қалған қаражаттан кәсіпкер жалдау ақысы, коммуналдық төлем мен өзге шығынды жауып, табыс табуға тиіс.
Бірыңғай QR банктер арасындағы төлем нарығы үшін бәсекені күшейтеді деген үміт бар. Клиент пен кәсіпкерді өзіне тартқысы келген қаржы ұйымдары эквайринг құнын төмендетіп, қосымша қызмет ұсынуға кірісуі ықтимал.
Қазір Қазақстандағы төлемнің шамамен 80 пайызы Kaspi мен Halyk арқылы өтеді. Сондықтан ортақ QR ең алдымен нарықтағы шағын және орта банктерге жаңа мүмкіндік береді. Олар қамту ауқымы жағынан көшбасшыларға жете алмаса да, тиімді тариф пен ыңғайлы сервис арқылы төлем ағынының бір бөлігін өзіне бұра алады.
«Нарықтың ірі қатысушылары төлем ағыны мен клиенттік базаның қайта бөлінгеніне мүдделі емес. Сол себепті жетекші банктердің ортақ жүйеге қосылуы оның толыққанды жұмыс істеуі үшін шешуші мәнге ие», — деді Әйгерім Ілиясова.
Ендігі түйін банктердің бір жүйеге жай ғана тіркелуінде емес, оны күнделікті төлемге жарайтын тұрақты қызметке айналдыруында. Қаржы ұйымдары эквайринг комиссиясы жөнінде ортақ мәмілеге келіп, сауда орындары жаңа жүйеге жаппай қосылғанда ғана бірыңғай QR өз атауына сай жұмыс істей бастайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







