Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі солтүстік айдынында су тартылуы салдарынан тағы бір жаңа арал пайда болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымдар мұндай құбылысты қуанышты жаңалық емес, теңіздің жылдам тайызданып бара жатқанын айғақтайтын ауыр экологиялық дабыл ретінде бағалайды. Жаңа жер бедері Құлалы аралының маңында жүргізілген әуе түсірілімі кезінде тіркелді. Су қайтқан сайын теңіз түбі жалаңаштанып, құрлық көлемі біртіндеп ұлғайып келеді.
Әуеден табылған жаңа құрлық
Теңіз үстінен жүргізілген мониторингке қатысқан экобелсенді Данияр Әкімжановтың айтуынша, соңғы төрт-бес жыл ішінде бұл аймақта осыған ұқсас бірнеше жаңа арал пайда болған. Олардың кейбірінің ұзындығы бір шақырымға, ені 200–300 метрге дейін жетеді.
«Суретте көрсетілген нысан – соңғы кездері тіркелген жаңа құрлықтардың ең кішісі ғана. Мұнда одан әлдеқайда ірі аралдар қалыптасып жатыр», – деді Данияр Әкімжанов.
Жаңадан пайда болған аумақтарға тіпті жабайы жануарлар да жете бастаған. Қыста мұз қатқанда қасқырлар өтсе, жаз мезгілінде қабандар жүргені тіркелген. Кейбір жаңа құрлықтарда өсімдіктер де тамыр жая бастады. Дегенмен мамандардың айтуынша, бұл аралдардың бәрі бірдей мәңгі сақталып қалмауы мүмкін. Олардың тағдыры толқындарға, желге, теңіз түбінің рельефіне және су деңгейінің алдағы өзгерістеріне байланысты болмақ.
Су деңгейі тарихи минимумға жетті
Су деңгейінің төмендеуі әсіресе Қазақстан жағалауындағы таяз солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде айқын байқалады. Президент Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының дерегінше, 1996 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта отандық сектордағы су деңгейі шамамен 2,45 метрге төмендеген.
Құлалы аралындағы бекетте 2026 жылдың шілде айында тіркелген орташа көрсеткіш минус 29,42 метрге жетті. Бұл – бүкіл бақылау тарихындағы ең төменгі деңгейлердің бірі. Жерсеріктік зерттеулер соңғы онжылдықта кейбір бағыттарда жағалау сызығы 20 шақырымнан астам шегініп кеткенін, ал солтүстік-шығыстағы су айдынының көлемі ондаған мың шаршы шақырымға тарылғанын көрсетті.
Экожүйеге төнген қатер және Арал қаупі
Сарапшылар судың тартылуын климаттық жылынумен, қарқынды буланумен және теңізге құятын Еділ мен Жайық тәрізді өзендер ағынының азаюымен байланыстырады. Бұл үдеріс бірегей фаунаға, соның ішінде Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығына тікелей қауіп төндіруде. Ғасыр бұрын бір миллионға жуық болған итбалық саны қазір шамамен 100 мыңға дейін құлдыраған. Аралдар мен тұрақты қысқы мұз айдындарының азаюы олардың көбеюі мен тынығуына кедергі келтіріп отыр.
Ғалымдардың болжамынша, су деңгейі тағы 5 метрге төмендесе, солтүстік Каспийдің 77 мың шаршы шақырымға жуық теңіз түбі жалаңаштанып қалуы мүмкін.
Мамандар орталық және оңтүстік бөлігінің тереңдігіне байланысты Каспий толықтай құрып кетпейтінін айтады. Алайда оның аса таяз солтүстік алабы дер кезінде бірлескен шаралар қабылданбаса, Арал теңізінің тағдырын қайталауы әбден мүмкін деген алаңдаушылық бар. Осыған байланысты Каспий маңы елдеріне трансшекаралық су ресурстарын үнемді пайдалану мен кешенді экологиялық шешімдер қабылдау күн тәртібіне шығып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







