Ақтау қаласында Каспий теңізі жағалауы бойында заманауи жағалау құрылысы жобасы таныстырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
17 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауқымды жобаның жоспарымен танысты. Жаңа жағалау өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, қалалық ортаны қолайлы етуге және тұрғындар мен қонақтарға арналған сапалы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
Жалпы ұзындығы шамамен 4,5 шақырым болатын жағалау құрылысы 5 кезең бойынша жүзеге асырылады. Жобаның тапсырыс берушісі – «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ. Инвесторы – NCOC N.V., мердігер мекеме – «Нурсат» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы сәуірде басталған, жобаны 2029 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа жағалау аумағында серуендеу аймақтары, велосипед және жүгіру жолақтары, шолу алаңдары, субұрқақтар, скейт-парк, балалар мен спорт алаңдары, демалыс орындары, фудкорттар және сервистік павильондар салынады. Сонымен қатар пирстер, абаттандырылған жағажай аймақтары және балалар бассейндері қарастырылған.
Жоба аясында сыртқы жарықтандырудың күн энергиясын пайдаланатын жүйелері, сәулеттік жарықтандыру, сумен жабдықтау және су бұру желілері енгізіледі. Көгалдандыру жұмыстары мен Каспий теңізі жағалауының экожүйесін сақтауға бағытталған инженерлік шешімдер де қамтылған.
Жоба таныстырылымында Нұрдәулет Қилыбай жағалаудың сәулеттік келбеті Маңғыстаудың тарихи-мәдени ерекшелігін көрсетуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, өңір тұрғындары мен қонақтар бұл кеңістіктен аймақтың ерекше рухын сезінуі керек. Сондықтан жобада ұлттық нақыш, жергілікті ою-өрнек және Маңғыстауға тән табиғи-мәдени белгі көрініс табуы маңызды.
Облыс әкімі осы бағытта ақсақалдармен және қоғам өкілдерімен ақылдасу қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар пирс маңында халыққа қызмет көрсететін яхташыларға да қолайлы жағдай жасалуы керек деді.
Нұрдәулет Қилыбай бірінші кезеңнің құрылысын жеделдетіп, жұмыстың сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Жоба толық іске асқан жағдайда Ақтауда халықаралық талаптарға сай жаңа жағалау қалыптасып, Каспий бойындағы қала ретінде туристік тартымдылығы арта түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







