Қазақстандық боксшы, Ұлттық Олимпиада комитеті мен World Boxing федерациясының президенті Геннадий Головкин украиналық «Миротворец» сайтының дерекқорына енгізілді. Оған Ресей спортшыларына қатысты шектеуді алып тастаған халықаралық федерацияның шешімі себеп болған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Головкинге арналған жазба сайтта 15 тамызда пайда болған. «Миротворец» әкімшілігі қазақстандық спорт қайраткерін «Ресей агрессиясы мен Украина азаматтарының өлтірілуін жария түрде қолдады» деп айыптаған. Алайда мұндай тұжырымға Головкиннің жеке мәлімдемесі емес, өзі басқаратын ұйым қабылдаған шешім негіз болып отыр.
World Boxing атқарушы комитеті 30 шілдеде ресейлік боксшыларға қойылған соңғы шектеулерді жойған еді.
Соған сәйкес Ресей өкілдері халықаралық жарыстарға бейтарап мәртебемен емес, өз елінің туы мен әнұранын пайдаланып қатыса алады. Федерация олардың тәртібі мен допингке қарсы талаптарды сақтауын қатаң бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Ресей мен Беларусь боксшылары World Boxing турнирлеріне тек бейтарап спортшы ретінде жіберілген. Ұлттық рәміздерді көрсетуге тыйым салынып, әр қатысушының соғысқа немесе әскери құрылымдарға қатысы бар-жоғы арнайы тексерілетін.
Айта кетейік, «Миротворец» Украина билігінің ресми санкциялық тізімі емес. 2014 жылы ашылған қоғамдық ресурс Украина қауіпсіздігіне қатер төндірді деп есептеген саясаткерлердің, журналистердің, өнер және спорт өкілдерінің жеке деректерін жариялап келеді.
Геннадий Головкин World Boxing президенті қызметіне 2025 жылғы қарашада сайланған. Халықаралық федерация бүгінде Олимпиада боксын басқаратын негізгі ұйым саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







