Қазақстан Emirates SkyCargo үшін Орталық Азиядағы алғашқы бағытқа айналды. Жаңа әуе маршруты елдің халықаралық жүк тасымалы жүйесіне қосымша серпін беріп, қазақстандық экспорттаушыларға жаңа мүмкіндік ашады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аптасына бір рет орындалатын бағыт 100 тоннадан астам жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстаннан шетел нарығына шығарылатын өнім көлемін арттырып, халықаралық саудадағы логистикалық мүмкіндікті кеңейтеді. Әсіресе жедел жеткізуді қажет ететін тауарлар, жоғары құнды өнімдер, фармацевтика, электроника және e-commerce бағытындағы жүк айналымы үшін мұндай рейстің маңызы зор.
Emirates SkyCargo рейсінің Алматыға келуі Қазақстан мен Дубай арасындағы көлік-логистика байланысын жаңа деңгейге көтереді. Дубай әлемдегі ең ірі авиациялық және сауда хабтарының бірі саналады. Сондықтан Алматы бағыты қазақстандық бизнеске Таяу Шығыс, Еуропа, Африка және Азия нарықтарына жылдам шығуға жол ашады.
БАӘ-ге жұмыс сапары барысында Emirates әуе компаниясының басшылығымен кездесу өтті. Тараптар авиация, жүк тасымалы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. Кездесуде Қазақстан мен БАӘ арасындағы әріптестікті нығайту, жаңа бағыттарды дамыту және халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға басымдық берілді.
Жаңа маршрут Қазақстанның өңірлік логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін күшейте түседі. Алматы әуежайы арқылы жүк тасымалының артуы елдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, отандық экспорттың бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.
Emirates SkyCargo-ның Қазақстан нарығына келуі екі ел арасындағы экономикалық байланыстың жаңа кезеңін көрсетеді. Бірлескен жұмыс Қазақстан мен БАӘ арасындағы көлік-логистика әріптестігін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







