Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 4 200 орынға арналған бес жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі. Бұған қоса, реновация бағдарламасымен күрделі жөндеуден өткен 10 мектеп оқушыларды қабылдайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» атты облыстық тамыз мәслихатында өңірдегі мектеп инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған жобалар жөнінде айтты.
Облыста демографиялық өсім жоғары болғандықтан, оқушы орнының тапшылығын азайту негізгі міндеттердің біріне айналған. Әсіресе Алматы агломерациясына кіретін елді мекендерде жаңа мектеп салуға сұраныс артып отыр.
Өңір әкімдігі Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп бірнеше білім нысанын салу мүмкіндігін қарастыруда. Алматы облысы мектеп құрылысына қажетті жер учаскелерін анықтап, тиісті мәліметті Алматының жобалық кеңсесіне жолдаған.
«Алматы агломерациясын дамыту аясында қала маңындағы аумақтарда жаңа білім беру нысандарын салу жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Біздің тарапымыздан жер учаскелерін ұсынамыз. Бүгінде олар анықталды, барлық қажетті ақпарат Алматының жобалық кеңсесіне жолданды. Болжам бойынша құны 41,8 млрд теңгені құрайтын бес жаңа мектеп салу мүмкіндігі қарастырылуда. Жобалар жүзеге асса, балаларды тұрғылықты жері бойынша мектеп орындарымен қамтамасыз етуге және Алматыға күнделікті қатынауды азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде облыста тұратын 16 мыңға жуық оқушы қала мектептерінде білім алуда», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жоспар бойынша Алатау қаласының Жаңа Дәуір шағын ауданында және Іле ауданындағы Екпінді ауылында әрқайсысы 900 орындық екі мектеп салынбақ.
Алматы облысында 385 мың бала білім алады
Қарасай ауданының Көксай және Қырғауылды ауылдарында әрқайсысы 1 200 оқушыға арналған тағы екі білім ошағын тұрғызу көзделген. Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында 900 орындық мектеп салу жоспарланып отыр.
Осы бес нысанның жалпы жобалық қуаты 5 100 оқушы орнын құрайды.
Ал қыркүйекте «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынып біткен тағы бес мектеп есігін ашады. Жаңа білім ошақтары Алатау қаласының Қоянқұс ауылында, Іле ауданының Тілендиев ауылында, Қарасай ауданының Бұлақты ауылында, Еңбекшіқазақ ауданының Сатай және Ащысай ауылдарында орналасқан.

Жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін аталған елді мекендердің үшеуінде үш ауысымды оқу мәселесі толық шешіледі. Тағы екі мектепте оқушы орнының тапшылығы жойылады деп жоспарланған.
2026-2027 оқу жылында Алматы облысындағы 502 жалпы білім беретін мектепте шамамен 385 мың бала білім алады. Оның 35 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бірінші сынып оқушылары.
Өңір басшысының айтуынша, соңғы жылдары демографиялық өсім білім инфрақұрылымына түсетін жүктемені едәуір арттырған.
«Алматы облысы — демографиялық өсімі жоғары және жастардың үлесі басым өңірлердің бірі. Осыған байланысты инфрақұрылым тапшылығын жою мәселесі басты назарда. Соңғы төрт жылда облыста 75 жаңа мектеп ашылып, алты қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 23-ке дейін қысқарды, шалғай елді мекендерден 5 821 оқушыны тасымалдау мәселесі шешілді», – деді облыс әкімі.
Жаңа мектеп салумен қатар қолданыстағы білім нысандарын жаңарту жұмысы да жалғасуда. Өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін 91 білім беру нысаны анықталған.
2 871 оқушы өз ауылындағы мектепте білім алуға мүмкіндік алады
Биыл 11 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Соның 10-ы жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беріледі.
Халық тығыз орналасқан ауылдардағы мектеп тапшылығын шешу үшін ұзақмерзімді инфрақұрылымдық жобалар да әзірленген. 2026-2030 жылдары EPC+F механизмі арқылы жалпы сыйымдылығы 4 200 орын болатын бес мектеп салу көзделіп отыр.
Олар Іле ауданындағы Өтеген батыр, Жайнақ, Байсерке және А. Тоқпанов ауылдарында, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының Бәйтерек ауылында бой көтермек.
Жоспарланған жобалар толық іске асқанда үш ауысымда оқып жүрген жеті мыңнан астам баланың мәселесін шешу көзделген. Сонымен бірге қазір шалғай елді мекендерден тасымалданып жүрген тағы 2 871 оқушы өз ауылындағы мектепте білім алуға мүмкіндік алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







