Алматы облысы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Келісім Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығы аясында іске асырылып жатыр. Жоба арқылы өңірдегі кітапханалар, мәдениет және білім беру ұйымдары бірлескен іс-шаралар өткізеді. Негізгі мақсат – балалар мен жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру, оқырман ортасын қалыптастыру және рухани-ағартушылық бастамаларды дамыту.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры былтыр шілде айында құрылған. Қор алғашқы жобаларын Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өткізді. Нәтижесінде 190 мыңға жуық адам жобаға қатысқан. Биыл оқырман санын 1,5-2 миллион адамға жеткізу көзделіп отыр. Алматы облысында 100 мыңнан астам тұрғынды қамту жоспарланған.
Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамытуға ерекше мән беріп отырғанын айтты.
Зерделі ұлтқа бастайтын жол
Қазір Алматы облысында 145 кітапхана жұмыс істейді. Олар 71 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Жалпы кітап қоры 2,7 миллионнан асады. Кітапханалар жанында коворкинг орталықтары, клубтар мен үйірмелер ашылып, жастардың шығармашылық және зияткерлік дамуына жағдай жасалып келеді.
Өңірде кітапхана инфрақұрылымын жаңарту жұмысы да жүріп жатыр. Биыл Ұйғыр аудандық кітапханасы, Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық кітапханасы және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханасы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы екі кітапхананы жаңарту жоспарланған.
2023 жылдан бастап барлық аудандық кітапхана САБ ИРБИС-64+ бағдарламасына көшірілді. Электрондық каталог пен электрондық кітапхана қорына 1,9 миллионнан астам библиографиялық жазба енгізілді. KazNEB платформасына 1 943 кітаптың цифрлық нұсқасы жолданды. Облыс бойынша қоғамдық орындарға 786 KazNEB QR-коды орналастырылды. Соның арқасында тұрғындарға 82 мыңнан астам электрондық кітапты пайдалану мүмкіндігі жасалды.
Қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен танымға жол ашатын рухани орта екенін айтты. Оның сөзінше, жоба халықты кітапханаға тартуға және тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
Оқырман тәрбиелеу миссиясы
Жоба 7 бағыт бойынша жүзеге асады. Оған мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері, педагогтер, әулеттер, мемлекеттік қызметшілер мен спортшылар тартылады. Мектеп оқушылары жас ерекшелігіне қарай 5 топқа бөлінеді. Әр топқа 15 кітаптан ұсынылған. Қазақ және орыс сыныптарына бөлек тізім жасалған. Әр тізімде қазақстандық, Батыс және Шығыс авторларының шығармалары қамтылған.
Қор басшысының айтуынша, бір ғана мектеп бағыты бойынша 150 кітаптың тізімі бекітілген. Мұндай тәсіл оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, көркем әдебиет арқылы дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жиын соңында Алматы облысы мен қор өкілдері меморандумға қол қойды. Облыс әкімі мәдениет, архивтер және құжаттама, ішкі саясат, білім және жастар саясаты басқармаларына нақты міндеттер жүктеді. Өңірде кітап оқу мәдениетін дамыту, балалар мен жастарды кітапқа баулу және оқырман қауымдастығын қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Кітап оқу мәдениетін дамыту қоғамдағы рухани тоқыраудың алдын алуға ықпал етеді. Аталған бастама тек шығарма оқумен шектелмейді. Ол ойлы, білімді, пайымы терең ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды жобаға айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







