Көкшетау тұрғыны қазақстандықтарды Англияға жұмысқа орналастырамын деп уәде беріп, алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотталушы 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде қазақстандықтарға шетелде жұмысқа орналасу үшін құжаттар рәсімдеген. Көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты ол әлеуметтік желілерде өзін блогер ретінде таныстырып таратып отырған. Тұрғын шетелге жұмысқа орналасуға шарт жасасып, виза, медициналық сақтандыру рәсімдеп, Англияға ұшу уақытын талқылау арқылы азаматтарды адастырған.
92 адамнан 70 миллион теңге жымқырған
«Жалған құжат ресімдегені үшін ол жүгінген әр адамнан 250 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алып отырған. Қаражатты алған соң сотталушы өз мойнына алған міндеттемелерін орындамай, жауапкершіліктен қашқан: кездесулерден бой тасалап, телефон қоңырауларына жауап беруді тоқтатқан. Ол Көкшетау, Астана, Қарағанды, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының 92 жәбірленушісінен жалпы сомасы 70 миллион теңгеге жуық қаражатты иемденген», – делінген хабарламада.
Сот үкімі шықты
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, құжаттарды қарап-тексерумен, банктік үзінділермен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен расталды. Сот жас балаларының болуын жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай деп таныды.
Оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және бес жыл бойы қазақстандықтардың қаражатын коммерциялық немесе өзге де қызметке тартуға тыйым салынды. Асырауында екі кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, сотталған азаматшаның жазасын өтеу мерзімі бір жылға кейінге шегерілді.
28 жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылып, олардың пайдасына 200 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін материалдық залал өндірілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







