Алматыдағы Момышұлы атындағы әскери колледж басшылығы оқу орнына бас сұққан Қайрат Сатыбалдының сапарынан кейін жұмыстан қуылды. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, Қорғанмин аталған іс-шараны ұйымдастыруға атсалыспаған. Сатыбалдының колледжге баруы оның оқу орнын тәмамдағанына 40 жыл толуына орай, түлектердің бастамасымен ұйымдастырылған.
«Ол колледжге осы оқу орнын бітірген түлек ретінде барған. Оның студенттерге дәріс оқығаны туралы ақпаратты алғаш рет естіп отырмын. Лекция оқыған жоқ, оқымайды да! Дәріс оқу үшін ол колледждің профессорлық-оқытушылық құрамына енуі керек», – деді Дархан Ахмедиев.
Бұған дейін әлемжеліде атышулы Сатыбалдының колледж студенттері алдында сөз сөйлегені туралы хабар тараған еді.
Оның колледжге барған сәті қоғамда қызу талқыға түсті, себебі Сатыбалды қазіргі уақытта сот үкімімен шартты бақылауда жүр. Желідегі қауым оның «ескі Қазақстанның» белді өкілін екенін де еске салған.
Журналистердің «жемқорлық ісі бойынша сотталған адамның жастардың алдына шығуы дұрыс па?» деген сауалына министрлік өкілі колледж басшылығы осы үшін жұмысынан айырылғанын айтты. «Басшылық жазаланды. Қателеспесем, қызметінен босатылды», – деді Ахмедиев.
Контекст
Қайрат Сатыбалды 2022 жылғы Қаңтардан кейін «Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығындағы» қаржы жымқыру айыбымен ұсталған. Сол жылдың қыркүйегінде ол алты жылға бас бостандығынан айырылған.
2024 жылы сот оның қалған жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды. Тергеу мәліметінше, Сатыбалдыұлы мемлекетке жалпы сомасы шамамен 783 млрд теңге болатын активтер мен мүліктерді қайтарған.
Бұған дейін біз Сатыбалдының Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-офистік орталығы сатуға қойылғанын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







