Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласында жаңа кардиологиялық орталық ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Заманауи медициналық нысан өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Жобаны іске асыруға 3 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ең бастысы, орталықта медицина қызметкерлері үшін 200 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысты. Ол қала тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтап, өңірлерде жоғары технологиялы медициналық орталықтар желісін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты.
Қала әкімінің сөзінше, жүрек-қан тамырлары аурулары бүгінде Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша өзекті медициналық мәселе болып отыр. Сондықтан облыс орталығында осындай орталықтың іске қосылуы уақытылы әрі қажетті шешім.
Кардиологиялық орталықта медициналық көмектің толық циклі қарастырылған. Мұнда диагностика жүргізіліп, жүрек пен қан тамырлары ауруларын емдеу, стационарлық көмек көрсету және күрделі хирургиялық операциялар жасау мүмкіндігі болады. Бұл Алматы облысының тұрғындарына басқа өңірге немесе шетелге бармай-ақ, білікті медициналық көмек алуға жол ашады.
Асхат Бердіханов жобаны сапалы әрі уақытылы іске асыруға үлес қосқан инвесторларға, құрылысшыларға және медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Жоба инвесторы Бекарыс Жали жаңа орталық мемлекеттік қолдау, жеке инвестиция және ортақ еңбектің нәтижесінде ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – өңір тұрғындарына заманауи, сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету.
Салтанатты шара барысында инвестор жаңа медициналық мекеменің символикалық кілтін орталықтың бас дәрігері Асқар Рахматалиевке табыстады. Лента қию рәсімінен кейін қонақтар ғимарат ішін аралап, орталық бөлімдерімен және көрсетілетін медициналық қызмет түрлерімен танысты.
Жаңа кардиологиялық орталық Алматы облысында жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Мұндай нысан жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға, дер кезінде диагноз қоюға және мыңдаған тұрғынның денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Қонаевтағы жаңа орталық өңір медицинасының әлеуетін күшейтіп қана қоймай, облыс орталығының әлеуметтік инфрақұрылымын да жаңа деңгейге көтеретін маңызды нысанға айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







