«Күз келді енді доллар шарықтайды» деген үйреншікті үрей бұл жолы іске аспайтын сыңайлы. Ұлттық банк валюта нарығына нағыз доллар жауынын жаудыруға дайындалып жатыр. Қаржы реттеушісі қыркүйек айында биржаға рекордтық 1,4 миллиард долларға дейін валюта шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл биылғы жылдың ең ірі валюталық интервенцияларының бірі. Бұдан үлкен көлем тек көктемде, наурыз бен мамыр айында ғана сатылған еді. Бірақ мұны жай ғана «доллар сата салайық» деген әрекет деп түсінуге болмайды. Мұның артында қаржыгерлер «айналық операция» (зеркалирование) деп атайтын өте қызық әрі есепті тетік тұр.
«Айна әдісі» қалай жұмыс істейді?
Мұны түсіну үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Ұлттық банк елдегі теңге мен доллардың тепе-теңдігін айнадай дәл ұстағысы келеді.
Мәселен, мемлекет алтын өндірушілерден ішкі нарықта алтын сатып алғанда, оларға жаңа теңге төлейді. Сондай-ақ Ұлттық қордан бюджетке ақша аударғанда да ел ішіне қомақты теңге құйылады. Егер бәрін сол күйі қалдырса, экономикада бос теңге көбейіп, бизнес пен халық жаппай долларға қашар еді де, ұлттық валюта құнсызданып кетер еді.
Міне, осы қауіпті сейілту үшін Ұлттық банк нарыққа қанша теңге таратса, дәл соған тең баламада қордағы долларды сатылымға шығарады. Яғни нарықтағы бос теңгені өзіне кері тартып алады.
Нақты сандармен айтсақ:
-
Ұлттық қордан жоспарланған сатылымға қосымша тағы 200–300 млн доллар шығарылады;
-
Отандық алтын сатып алу кезінде экономикаға құйылған 374 млрд теңгенің орнын теңдестіру үшін тағы шамамен 816 млн доллар сатылады.
Нәтижесінде, биржаға бір айдың ішінде 1,4 миллиард доллар лек-легімен төгіледі.
БЖЗҚ долларды қашан сатып алып үлгерді?
Бір қызығы, дәл осы Ұлттық банк өткен тамыз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) үшін керісінше 721 миллион долларды өзі сатып алған болатын. Бұл бүкіл биржа саудасының 8,3%-ын құрады.
Әлгі қадам өте сәтті уақытқа дөп келді: тамызда теңге 2,6%-ға нығайып, доллар біршама арзандаған еді. Яғни біздің болашақ зейнетақымыз шетелдік бағалы қағаздарға барынша тиімді әрі арзан бағаммен салынып үлгерді. Енді қыркүйекте нарыққа қайтадан мол доллар ұсынылып, теңгенің тынысы ашылмақ.
Бұл біздің қалтамызға не береді?
Нарықтың қарапайым заңы бар, сөреде тауар неғұрлым көп болса, оның бағасы көтерілмейді. Биржада 1,4 миллиард доллар самсап тұрғанда, америкалық валютаның күрт шарықтап кетуіне іргелі себеп жоқ.
Бұдан ең алдымен «күзде доллар қымбаттайды, девальвациядан пайда табамыз» деп дәметкен валюталық алыпсатарлар опық жейді. Ал шетелден тауар, тұрмыстық техника, киім-кешек таситын кәсіпкерлер валютаны тыныш жағдайда, тұрақты бағаммен ала алады. Бұл өз кезегінде дүкен сөрелеріндегі бағаның тағы да аспандап кетпеуіне септігін тигізеді.
Әрине, бұл теңге мәңгі мызғымайды деген сөз емес. Бірақ кем дегенде осы қыркүйекте валюта бағамында селкілдеген секіріс немесе дүрбелең күтудің еш қажеті жоқ Ұлттық банк нарықтың астына қалың қауіпсіздік жастығын алдын ала төсеп қойды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







