Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігі ашық от қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын тағы бір еске салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомство көктем-жаз маусымында өрт қаупі күшейетінін ескертіп отыр. Әсіресе сенбілік кезінде, үй маңын, бақша мен саяжай аумағын тазалағанда тұрғындар қоқыс жағып, отты бақылаусыз қалдыруы мүмкін. Мұндай әрекет құрғақ әрі желді күндері үлкен өртке ұласуы ықтимал.
ТЖМ мәліметінше, құрғақ, ыстық және желді ауа райында от жағуға, қоқыс өртеуге, ашық от пайдалануға тыйым салынады. Себебі мұндай жағдайда жалын тез тарап, тұрғын үйлерге, шаруашылық нысандарына немесе табиғи аумаққа қауіп төндіреді.
Ауа райы қолайлы болған күннің өзінде отты кез келген жерде жағуға болмайды. Қоқыс өртеу немесе алау жағу тек арнайы белгіленген жерде, ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта және тұрақты бақылаумен ғана рұқсат етіледі.
Мангал, барбекю және гриль қолданудың да өз талабы бар. Оларды ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтықта пайдалану қажет. Сонымен қатар жанында міндетті түрде өрт сөндіргіш немесе көлемі кемінде 10 литр су құйылған ыдыс болуы керек.
Министрлік өрт қауіпсіздігі ережелері бұрыннан қолданыста екенін атап өтті. Олар тек кәуап пісіруге ғана емес, ашық от пайдаланылатын кез келген әрекетке қатысты. Сондықтан саяжайда, аулада немесе табиғат аясында от жаққанда белгіленген талапты сақтау маңызды.
Бұған дейін саяжайда кәуап пісіргені үшін айыппұл салынуы мүмкін деген ақпарат қоғамда қызу талқыланған еді.
ТЖМ түсіндіргендей, мәселе кәуап пісіруде емес, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзуда. Яғни талап сақталса, мангал қолдануға болады. Ал от қауіпті жерде жағылып, бақылаусыз қалса немесе желді күні қоқыс өртелсе, әкімшілік жауапкершілік қаралады.
Құтқарушылар тұрғындарды қарапайым сақтыққа шақырады. Бір сәттік бейқамдық бүтін аумаққа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ашық от қолданғанда қашықтық, ауа райы, бақылау және өрт сөндіру құралы басты шарт болып қала береді.
Қазақстанда мамыр айының алғашқы күніне доллардың ресми бағамы 462,91 теңге болып белгіленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







