Маңғыстау облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп, мұнай-газ саласының жекелеген кәсіпорындарының қызметіне тексеру жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС лауазымды тұлғалары бюджет қаражаты есебінен 700 млн теңгеден астам сомаға мердігер компанияның шығынын негізсіз өтегені анықталды. Бұдан бөлек мердігерлерге нақты көрсетілмеген көлік қызметтері үшін 2,2 млрд теңге аударылған.
Бұл заң бұзушылықтар бойынша 10 шілдеде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша (аса ірі мөлшерде жымқыру) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, 22 шілдеде «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ еншілес ұйымының 11 млн теңгесін жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«23 шілдеде «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің бұрынғы басшысы «Т» ұсталды. Қаражатты жымқыру фактісімен ҚК-нің 189-бабымен бұрын басталған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, мердігерлік ұйымдардың 2 өкілі ұсталды.
Прокурорлық тексеріс басталғаннан бері барлығы 19 сотқа дейінгі тергеу басталды, олар Маңғыстау облысының экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде», — деп жазылған хабарламада.
Бюджет қаражатын жымқыру және талан-таражға салу фактілері бойынша оларды тергеу шеңберінде 8 адам, оның ішінде «Қазмұнайгаз «ҰК» АҚ еншілес компанияларының 4 басшы лауазымындағы тұлғалар ұсталды.