Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы құны 1 миллиард теңгеге бағаланған мәрмәр кен орнын 45 миллион теңгеге сатып жібергені жөнінде ақпарат тарады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Kozachkov offside арнасында хабарлады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Миллиард тұратын активтің бағасы қалайша 45 миллион теңгеге дейін «арықтап» қалғаны түсініксіз болып тұр. Қарапайым азаматтың шағын қарызы болса, үйі мен есепшоты түгел тексеріледі. Ал тұтас кен орны сатылғанда, нарықтық баға аяқ астынан қарапайым пәтердің құнына түсіп кетеді. Қызық.
Мұндай сауда «Ескі Қазақстанның» кезінде жиі өтіп тұратын еді. Сол кесел әлі жоғалмаған секілді. Заң бар, рәсім бар, тек әділет пен экономикалық логика көрінбейтін осындай келсімдер елді тоздырып бітті.
Егер жарияланған дерек расталса, мәселе бір сот орындаушысының шешімімен шектелмейді. Кен орнының қалай бағаланғаны, саудаға кім қатысқаны және мемлекет қанша шығынға ұшырағаны ашық тексерілуі керек.
Жаңа Қазақстан құрамыз десек, миллиардтық дүниені миллионға өткізіп жіберетін ескі саудадан алдымен арылу қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







