Талғарда көз жұмған жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты үндеу жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ол ешкімнің қанын төкпегенін, ешқашан қан төкпейтінін де жеткізді.
«Шындықты айтып қойдым, Талғар ІІБ-дағы, әкімдіктегі, ауруханадағы былықты. Сол үшін өлтіретін болсаңыздар да бауырларым, ата-анам көрмесін. Мені жоқтап жыламасын.
Олар пышақпен келді, мен қалам ұстап шықпайтын шығармын, болмаса қағаз алып?! Жалбарынып, жалынып олардан сұрадым, сол жерде «болды» деп еркекше қолдарын беріп кетті. Артынан келіп істеп отырған тірлігі. …Біз қан төксек, «қан төкті, бұлар қанішер» деп қараласаңыздар болады. Мен қан төкпеймін.
Менің басымда болып жатқан жағдайды көрсеңіздер, сол кезде түсінесіздер. Қазір бейбіт заманда аналар, әжелер жыламауы керек. «Ботам» деп жылаған — басқа әлем. Айтарым осы. Соттаймын десеңіздер соттаңдар. Ешқандай қантөгіс болмасын», — дейді марқұм жасөспірімнің әкесі.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы оқиға салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
«Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі ас үй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр», — дейді Серік Шалқаров.