Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметінің өкілетін кеңейтетін өзгерістер енгізіп, ведомствоның рөлін тек күзет функциясымен шектемейтін жаңа кезеңге жол ашты. 2025 жылғы 10 қыркүйекте 2014 жылғы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы» жарлыққа түзетулер енгізіліп, қызметтің қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы рөлі кеңейтілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа редакцияға сай, Мемлекеттік күзет қызметі енді қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс бағытындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қатысады. Өкілет аясында әскери-техникалық ынтымақтастыққа араласу, оқ-дәріні жою көзделген. Пайдаланылмайтын қорғаныс нысандарын беру, қару-жарақ пен әскери техниканың сипаттамаларын айқындауда бар. Сонымен қатар, мемлекеттік сынақтар мен қару-жарақты қабылдауға қатысу, әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және аумақтық қорғанысты жоспарлау секілді бағыттар нақтыланған.
Осы өзгерістен кейін Мемлекеттік күзет қызметі бұрынғыдай тек жоғары лауазымды тұлғалар мен күзетілетін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылым болып қалмай, қорғаныс басқару тізбегінің бірқатар техникалық және ұйымдастырушылық буынына да кіре бастады деуге негіз бар. Мұнда әңгіменің түбі бір ғана символдық кеңеюде емес, қауіпсіздік блогындағы нақты функциялық салмақтың артуында жатыр.
Контекст
Жарлық арнаулы мақсаттағы күштерге де басымдық берген. Құжатта осы құрамды жасақтау тәртібі жаңартылып, мерзімді әскери қызметшілерді іріктеуге басымдық берілетіні көрсетілген. Сонымен бірге мүлік пен бюджеттік қаражатты басқару, далалық және тұрғын үй төлемдерінің тәртібі, дағдарыс кезіндегі әскери дайындық пен резервистердің келу тәртібі сияқты мәселелер де нақтыланған.
Саяси жағынан қарағанда, бұл қадам онсыз да Президентке тікелей бағынатын Мемлекеттік күзет қызметінің салмағын арттыра түседі. Қазақстан Конституциясында Президент өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайтыны анық жазылған. Енді сол құрылымның құзырет өрісі кеңейіп, күштік блок ішіндегі орны да айқынырақ көріне бастады.
Қысқасы, өзгеріс жай техникалық түзету емес. Мемлекеттік күзет қызметінің миссиясы кеңейіп, елдегі қауіпсіздік пен қорғанысқа қатысты тетіктердің бір бөлігі осы органның да қатысуымен қайта пішінделіп жатыр. Сондықтан бұл шешімді күзет жүйесінің ішкі жаңаруы ғана емес, биліктің қауіпсіздік архитектурасын жаңаша реттеуге ұмтылған қадамы ретінде де қарауға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







