Қазақстанда мобильді аударымға байланысты ескерту бәріне бірдей жіберілмейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бақылау тек кәсіпкерлік табысқа ұқсайтын тұрақты түсімдерге қатысты қолданылады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметті салық органдарына беріп отырады, ал Мемлекеттік кірістер комитеті сол деректердің негізінде камералдық бақылау жүргізеді.
Хабарлама мына үш шарт бір уақытта орындалса келуі мүмкін. Жеке тұлғаның шотына қатарынан 3 ай бойы 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі, сол түсімдердің тұрақты қайталануы және жалпы соманың 12 ең төменгі жалақыдан асуы.
Мемлекеттік кірістер органдарының ресми түсіндіруіне сай, 2026 жылдан бастап бұрынғы екі шартқа қосымша дәл осы сома шегі енгізілген. Ал Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде болғандықтан, 12 ЕТЖ шамамен 1 020 000 теңгеге тең.
Маңыздысы, бұл талап қарапайым азаматтардың күнделікті аударымына бағытталмаған. Туыстар арасындағы, таныстардың өзара немесе тұрмыстық сипаттағы әдеттегі ақша жіберулері автоматты түрде салық тәуекелі ретінде қаралмайды. Бақылаудың негізгі мақсаты – жеке картаны кәсіпкерлік кіріс қабылдау құралы ретінде пайдаланып жүргендерді анықтау.
Егер КГД-дан хабарлама келсе, оны бірден айыппұл деп түсінбеу керек. Азаматқа оны алған күннен кейінгі келесі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі. Осы уақыт ішінде ол не көрсетілген бұзушылықпен келісіп, қателікті түзетеді, не келіспесе, салық органына түсініктеме мен растайтын құжаттарын жолдай алады.
Қысқасы, салық органы бәрінің мобильді аударымын жаппай тексеріп отырған жоқ. Ескерту, ең алдымен, көп адамнан жүйелі түрде ақша қабылдап, көлемі белгіленген межеден асқан тұлғаларға қатысты жіберіледі. Сондықтан жеке картаға тұрақты түрде көп адамнан ақша түсіп жүрсе, оның табиғатын қазірден заңды тұрғыда реттеп алған дұрыс.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды бақылауға қатысты маңызды түсініктеме берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







