Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру мәселесі келесі жылдың бюджетін әзірлеу кезінде қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай мәлімдемені Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин жасады.
Оның айтуынша, қазір үкімет халық табысын арттыруға арналған бағдарламаны әзірлеп, жаңартып жатыр. Құжат мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтіп жатыр.
Азамат Әмриннің сөзінше, аталған бағдарлама мамыр айында таныстырылады. Құжат ішінде әртүрлі қолдау тетігі қарастырылған. Соның қатарында азаматтық қызметшілердің, атап айтқанда мұғалімдер, дәрігерлер және өзге де сала өкілдерінің еңбекақысын өсіру шарасы бар.
Алайда нақты өсім көлемі қазына мүмкіндігіне тікелей байланысты болмақ. Вице-министр келесі жылдың бюджеті енді қалыптаса бастағанын, сондықтан жалақыға қатысты түйткілдер дәл сол үдеріс аясында қаралатынын айтты.
Шенеунік былтыр да жекелеген санаттағы қызметкерлердің жалақысы көтерілгенін еске салды. Әсіресе төменгі буында еңбек ететін мамандарға басымдық берілген.
Осыған дейін…
Азия даму банкінің елдік экономисі Геннадий Рау 2026 жылы қазақстандықтардың нақты табысы өсуі мүмкін екенін айтқан еді. Бірақ мұндай өсім инфляцияны тежеу шарасының нәтижесіне және экономиканың қаншалықты қарқынмен ұлғаюына тәуелді.
Азия даму банкінің болжамына қарағанда, 2026 жылы Қазақстандағы инфляция шамамен 10,5 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Ал ішкі жалпы өнім өсімі 4,8 пайыз болады деген жорамал бар. Соған қарамастан, 2025 жылы экономика 6,5 пайызға ұлғайса да, инфляцияны есептегенде халықтың нақты табысы 1,1 пайызға төмендеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







