Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының тәркіленген мүлкін шетелдіктерге сату әрекеті әшкереленді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қаржы мониторингі агенттігі сот үкімімен тәркіленетін, тыйым салынған мүлікті заңсыз сату дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін агенттік «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік басып алу деректері бойынша Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тергеуді аяқтаған болатын.
«Тәркілеу мақсатында құрылтайшысы Айдос Қоспаев саналатын (Елдос Қоспаевтың бауыры) «Nikolsky Investment» ЖШС-ға тиесілі Алматы қаласындағы «Никольский» базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке сот тыйым салған. Биыл қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ базасына жалған ақпарат енгізу арқылы базарды шетелдіктерге сату мақсатында бөгде адамдарға қайта ресімдеп, шектеулер алынып тасталған», — деп жазылған агенттік хабарламасында.
5 қазанда құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта ресімделген.
Агенттік алаяқтық үшін бұрын сотталған үш адамды ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сондай-ақ, жалған құжаттар жасап, мүлікті иеліктен шығаруға ықпал еткен сыбайлас анықталды. Тергеу жалғасып жатқаны белгілі болды.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті былайғы ортада Болат Назарбаевтың сенімді өкілі саналып келген Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізгенін мәлімдеген еді. Бұл операция былтыр 6 қыркүйекте жүзеге асырылды.
Бұл топқа ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған болатын.
«Тергеу мәліметтері бойынша оның мүшелері қорқыту және зорлық-зомбылық жасау арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, олардың компаниялардағы үлестерін тартып алған, сондай-ақ, көлеңкелі бизнеспен айналысқан», — деп жазылған болатын мәліметте.
ҰҚК операциясы шеңберінде шетелдік әріптестермен тығыз іс-қимыл жасай отырып, топ қатысушыларының орналасқан жері анықталды.
Күдіктілер ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметінің жауынгерлерінің айдауылымен Астанаға жеткізілді және қылмыстық қудалау органының қызметкерлеріне берілген еді.
Айта кетейік, Алматы облысында Елдос Қоспаевтың өзі тұтас бір шатқалды басып алып, онда ешқандай рұқсатсыз нағыз ранчо тұрғызған деген деректер де бар. Бұл мүлікте ол жылқы ғана ұстамаған. Үйдегі хайуанаттар бағында аю, тіпті африкалық арыстандар жұбы да болған.