Қазақстанда ешқандай қаржылық лицензиясы жоқ заңсыз өсімқорлар мен онлайн-несие платформаларының қызметі қарқынды таралып, мыңдаған азаматты қарыз тұзағына түсіруде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылтай отырысында «Ақ жол» партиясының мүшесі Юрий Ли Бас прокурорға, Ішкі істер министріне және Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасына өткір депутаттық сауал жолдады.
Депутаттардың айтуынша, заңды банктер мен микроқаржы ұйымдары несие беруден бас тартқан әлеуметтік осал азаматтар аталған көлеңкелі құрылымдардың оңай жеміне айналып отыр.
32 мың теңге қарыз – 752 мың теңге өсім: Алаяқтардың схемасы
Фракция өкілдері көлеңкелі кредиторлардың нақты мысалы ретінде «Alem Credit» атты заңсыз платформаның әрекетін келтірді. Аталған ұйымның қаржылық қызметпен айналысуға ешқандай рұқсаты мен лицензиясы жоқ. Соған қарамастан, ондаған интернет-ресурс арқылы халыққа онлайн қарыз үлестіріп келеді.
Қарыз алушылар сайтқа тіркелген сәтте олардың биометриялық мәліметтері заңсыз жиналады. Ал қаражат қаржы ұйымының ресми шотынан емес, жеке тұлғалардың, яғни дропперлердің карталары арқылы аударылады. Сонымен қатар есеп айырысу кезінде криптовалюталық инфрақұрылым белсенді пайдаланылатыны анықталды.
Сауалда көрсетілгендей, мұндай несиелердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі заңмен белгіленген шектен 9,5 есеге, ал айыппұл көлемі 10 есеге асып түседі. Мәселен, құжатта бір азаматқа 50 мың теңге несие мақұлданып, оның қолына комиссиялар ұсталғаннан кейін бар болғаны 32 мың теңге аударылғаны жазылған. Алайда арада аз уақыт өткенде платформа қарыз алушыдан 752 мың теңге талап еткен. Бұл нақты алынған қаржыдан 23 есе көп.
Тағы бір жағдайда 116 мың теңге алған азаматқа небәрі екі аптаның ішінде 276 мың теңге үстеме пайыз қосылып, жалпы борышы 392 мың теңгеге жеткізілген.
Жасанды интеллект арқылы бопсалау және туыстарға қысым
Заңсыз өсімқорлар қарызды өндіріп алу үшін қылмыстық әдістерге жүгінетіні белгілі болды. Төлем мерзімі бірнеше күнге кешіккен жағдайда борышкерге толассыз қоңырау шалынып, оның туыстары мен жұмыс берушілеріне психологиялық шабуыл жасалады.
Тіпті қылмыскерлер қазіргі заманғы технологияларды бопсалау құралына айналдырған. Олар жасанды интеллектінің көмегімен қарыз алушылардың жалаңаштанған немесе ар-намысына тиетін жалған фотосуреттерін жасап, «қылмыс жасады», «іздеуде жүр» деген жаламен барлық байланыс контактілеріне таратады. Бұл әдістер адамдарды шарасыз күйге түсіріп, ауыр моральдық күйзеліске ұшыратуда.
Мемлекеттік органдардың дәрменсіздігі
Депутат Юрий Ли мемлекеттік органдардың арасындағы жауапкершіліктің жоқтығынан азаматтарды қорғау тетігі іс жүзінде тұйыққа тірелгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселе биыл мамыр айында көтерілгенімен, тиісті шаралар әлі күнге дейін нақты нәтиже берген жоқ.
«Ақ жол» партиясының өкілі бақылаушы ведомстволардың бір-біріне сілтеумен шектеліп отырғанын қатаң сынға алды.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз жауабында аталған қызметте жалған мәміле белгілері бар екенін растағанымен, өкілеттігінің жоқтығын айтып, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған. Қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат болса да, аталған платформа жаңа сайттар ашып, жарнамасын еркін жалғастырып жатыр. Құқық қорғау органдары шағым түсірген адамдарды қаржылық реттеушіге қайтарады, ал реттеуші халықты сотқа сілтейді. Мемлекеттік қорғаныс жүйесі іс жүзінде өзімен-өзі тұйықталып қалды, ал заңсыз несие берушілер жұмысын кедергісіз жүргізіп келеді», – деп мәлімдеді Юрий Ли.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы Бас прокуратурадан, Ішкі істер министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігінен заңсыз несие беретін барлық интернет-платформаларды дереу бұғаттауды, ұйымдастырушылар мен олардың қолындағы дропперлік шоттардың жұмысын тоқтатуды және жауапты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







