Белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Олимпиадада жүлдемен оралғандарды мадақтағандарға шүйлікті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Олимпиада чемпиондары «Көк туымызды желбіретті, Қазақты әлемге танытты» деп мақтанамыз. Осы не мақтан? Танымал болу мақтан болса Бишимбаев 1 айда бүкіл қазаққа ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан тағы басқа елге түгел танылды! Енді Бишимбаевтың ата-анасы «Біздің ұлымыз жарты әлемге танылды» деп мақтанулары керек пе?» — деді ол.
Оның пікірінше, халқымыз кедей, елді жемқорлық жайлаған, өндіріс жүрмейтіні мақтанарлық іс емес.
«Әншілеріміз бен спортшыларымыз Қазақстанды әлемге қай жағынан танытып жатыр? Әлемдегі жері үлкен, жер асты байлығы ғажап ел бола тұра халқымыз кедей болғаны мақтан ба? Жемқорлықтан әлемде алдыңғы орынның бірін алатынымыз мақтан ба? Тым құрғанда аяққа киетін нәски өндірмейтініміз, елімізде бірде бір өндіріс қалмағаны мақтан ба? Етімізді Аргентина мен Бразилиядан, сүтімізді Белоруссия мен Қырғызстаннан сатып ішіп-жеп отырғанымыз мақтан ба?
Абайдың 21 қара сөзін оқып шығып, ойланып көріңізші! Бізді «Десін» құртады, «Демесін» деп қашан ойланамыз? Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы — қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік — адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді — осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек», — деп пікір білдірді Ахметбек Нұрсила.
Айта кетейік, кеше Олимпиада чемпионы Сметов бастаған дзюдошылар елге оралды. Оларды қаумалаған жұрт қарсы алып, бағалы сыйлықтар жасады.