Өскеменде өткен «Altay Business» форумы өңір кәсіпкерлігін дамытуға арналған кезекті басқосу ғана емес, бизнес пен билік арасындағы қатынасты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды алаңға айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Форум қорытындысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов кәсіпкерлік орта алдындағы негізгі міндеттердің бірі – кедергілерді азайтып, шешім қабылдау қарқынын күшейту екенін ашық айтты. Оның сөзінше, экономиканы дамыту пікір алмасумен ғана шектелмеуі керек. Нақты нәтиже үшін рәсімдерді қысқартып, жобаларды созбалаңға салмай, іске көшіру қажет.
Өңір басшысы «Altay Business» форумын бір күндік жиын немесе есеп беру алаңы емес, жүйелі жұмыстың бастамасы ретінде бағалады. Форум барысында айтылған ұсыныстардың бәрі назарға алынатынын жеткізген әкім кәсіпкерлерге жергілікті биліктің диалогқа дайын екенін де нақты мәлімдеді. Оның айтуынша, бизнеске ең алдымен түсінікті ереже, жедел байланыс және нақты қолдау қажет.

Нұрымбет Сақтағанов әсіресе «бір терезе» қағидатын жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталды. Әкімнің пікірінше, «бір терезе» тек қызмет көрсету форматы емес, ол – бизнес пен мемлекеттің тұрақты байланыс алаңы болуы тиіс. Яғни кәсіпкер бір мәселені шешу үшін бір мекемеден екінші мекемеге сабылмай, керегін бір жерден алып, түйткілін сол жерде тарқата алуы керек. Осындай тетік толық іске қосылса, жиналып қалған мәселе азайып, шешім қабылдау жылдамдайды.
Осыған байланысты облыста кәсіпкерлерге арналған арнайы алаң құру жоспары да пысықталып жатыр. Әкімнің айтуынша, болашақта ол толыққанды сервис орталығына айналуы мүмкін. Мұнда кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынып, қажетті кеңес алып, мемлекеттік қолдау тетіктеріне тезірек қол жеткізе алады.
Сонымен қатар өңірде креативті индустрияларды дамыту орталығын ашу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Мұның өзі Шығыс Қазақстанда дәстүрлі өндіріс пен саудадан бөлек, жаңа экономиканың бағыттарына да назар ауып отырғанын аңғартады.
Форумда инвестиция тақырыбы да кеңінен қозғалды. Облыс әкімі қазіргі кезде өңір экономикасындағы инвестицияның үлесі шамамен 16-17 пайыз екенін айтты. Алдағы міндет – осы көрсеткішті 25–30 пайызға дейін жеткізу. Мұндай меже жай статистикалық жоспар емес. Оның артында жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны, жаңа салық түсімі және өңірдің жалпы экономикалық салмағын арттыру мақсаты тұр.

Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі демографиялық ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше, соңғы жылдары облыстан халықтың көшу қарқыны азайып келеді. Бұрын он мыңдаған адам көшіп кететін болса, қазір ол көрсеткіш бірнеше мың адам деңгейіне дейін төмендеген.
Әкім осы үрдісті халықтың жергілікті билікке деген сенімінің күшеюімен байланыстырды. Егер тұрғын өз өңірінде қалуға мүдделі болса, демек онда тұрақтылыққа, жұмысқа және ертеңгі күнге деген белгілі бір сенім бар.
Контекст
Өңір басшысы Мемлекет басшысының негізгі талабы да осыған келіп тірелетінін айтты. Яғни халықтың мемлекетке деген сенімін күшейту және инвестиция тартуға толық жағдай жасау. Осы мақсатта облыс билігі кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге, бизнестің алдындағы кедергілерді кезең-кезеңімен жоюға және өңірдің дамуын нақты жобалар арқылы ілгерілетуге мүдделі екенін білдірді.
Жалпы алғанда, «Altay Business» форумы Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікке қатысты жаңа көзқарас қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Яғни әңгіме енді жай қолдау туралы емес, тиімді әріптестік, жедел шешім, түсінікті жүйе және нәтижеге жұмыс істеу жайында болып отыр. Форум қорытындысында спикерлердің арнайы марапатталуы да осы алаңның тек сөз емес, нақты бастамаларға негіз болғанын аңғартты.
Шығыс Қазақстан облысында Ғылым қызметкерлері күніне арналған ғылыми кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту, инновацияларды өндіріске енгізу және цифрландыру мәселелері қарастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







