Семейде өткен сараптамалық жиында өңірлердің сайлау алдындағы күн тәртібін қалыптастырудағы рөлі талқыланды. Сарапшылар партиялық бағдарламалар жергілікті сұранысқа сүйеніп, жастар мен азаматтық қоғам саяси шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тартылуға тиіс екенін айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы 31 шілдеде «Өңірлердің сайлау алдындағы күн тәртібін қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының аймақтық отырысын өткізді. Басқосуға Астана, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының сарапшылары, академиялық орта өкілдері, азаматтық сектор мен жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Жиында өңірлердің сайлау процесіндегі салмағы, қоғамдық-саяси трендтер, партиялардың азаматтық қоғам институттарымен байланысы және жастардың электоралдық белсенділігі қаралды. Қатысушылар саяси партиялар өкілдерінің теледебаттағы ұстанымдары мен үгіт науқанының қоғамға ықпалын да саралады. ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне бөлек назар аударылды.
ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым қазіргі сайлау науқанында өңірлердің саяси салмағы артқанын атап өтті. Бір палаталы Құрылтайға көшу жағдайында партиялар аумақтық қамтуды кеңейтіп, кандидаттар тізіміндегі өңірлік теңгерімді сақтауға ұмтылып отыр. Осыған байланысты облыстар мен қалалар электоралдық науқанның негізгі алаңына айналған.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының директоры Әлия Масалимова қоғамдағы сайлау алдындағы көңіл күйге тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың елеулі бөлігі елдегі реформаларды тұрмыс сапасын жақсартатын өзгеріс ретінде қабылдайды. Алайда оң көзқарас саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді және мәдени мұраны сақтаумен қатар жүруге тиіс.
Сарапшы партияларға өңірлердегі электоралдық мінез-құлықты салыстырып, жергілікті сұраныстарды терең зерттеу қажет екенін айтты. Бір аймақта өзекті саналатын мәселе екінші өңірдегі сайлаушы үшін шешуші фактор болмауы мүмкін. Сондықтан бірыңғай ұранға құрылған науқаннан гөрі, аймақтың әлеуметтік және экономикалық ерекшелігіне негізделген бағдарлама тиімді болмақ.
Абай облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, тарихшы Мадияр Насыров жастардың мазмұнды саяси күн тәртібіне қатысуға мүдделі екенін жеткізді. Оның пікірінше, жас буын тек үгіт шарасының аудиториясы ретінде қарастырылмауы керек. Абай облысында денсаулық сақтау мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларға сұраныс жоғары.
«Интеллектуалды жастар қоғамының» жетекшісі Қуаныш Молдақашев те партияларды жастардың әлеуетін кеңірек пайдалануға шақырды. Жас азаматтарды цифрлық жоба мен әлеуметтік желідегі науқанға тарту жеткіліксіз. Олар бағдарламаларды әзірлеуге, қоғамдық мәселені талқылауға және саяси шешім қабылдауға қатысуы қажет.
Шығыс Қазақстан облысының Талдау және болжау институтының директоры Аяужан Әшімова қоғамдық кеңестерді мемлекет, партия және азаматтық қоғам арасындағы маңызды диалог алаңы деп бағалады. Сайлау кезеңіндегі сындарлы байланыс өңірдің әлеуметтік сұранысын бағдарламаға енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл азаматтардың саяси институттар мен сайлау рәсіміне деген сенімін нығайтады.
«Эрудит» білім беру және ғылым орталығының директоры Айдын Қайырбекұлы сайлау науқаны құндылыққа негізделуі тиіс екенін айтты. Сайлаушыны тек жол, жұмыс немесе коммуналдық мәселе ғана емес, қоғамның қандай бағытта дамитыны да толғандырады. Сондықтан партияларға әр өңірдің мәдени болмысын ескеріп, халыққа түсінікті құндылықтар төңірегінде диалог орнату маңызды.
Профессор Зейнолла Тоқаев партиялардың табысы ең алдымен жергілікті халықтың сеніміне байланысты екенін атап өтті. Сенім дайын ұранмен қалыптаспайды. Ол өңір тұрғындарының нақты қажеттілігін түсіну, жергілікті ерекшелікті ескеру және сайлаушымен тұрақты байланыс орнату арқылы орнығады.
Shakarim University Әлеуметтанулық талдау орталығының жетекшісі Мұхтар Әбдікәрімов өңірлік басқару сапасын қоғамдық сенім мен электоралдық белсенділіктің негізгі шарты ретінде атады. Оның бағалауынша, партиялар бағдарламасын өңірлендіру, коммуникацияны цифрландыру және кандидаттар тізіміне кәсіби кадрларды енгізу маңызды. Сайлаушы саяси ұйымның уәдесіне ғана емес, оны орындайтын адамдардың біліктілігіне де назар аударады.
Жиын соңында сарапшылар өңірлердің электоралдық күн тәртібін қалыптастырудағы ықпалы артып келе жатқанын атап өтті. Азаматтық сектор, мемлекеттік институт және сарапшылық қауымдастық арасындағы тұрақты диалогты күшейту жөнінде ұсыныстар әзірленді. Негізгі міндет азаматтардың сайлау процесіне қатысу тетіктерін жетілдіріп, саяси бәсекені жергілікті сұраныстармен ұштастыруға бағытталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







