Threads желісінде пәтер сатылғаннан кейін Отбасы банктегі қарыз жабылып, қалған ақшаны шешу кезінде комиссия ұсталғаны туралы жазба қызу талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жазба авторының айтуынша, пәтер сатылып, банк алдындағы қарыз толық жабылған. Алайда қалған қаражатты бірден алу үшін комиссия төлеу қажет болған. Оның сөзінше, комиссия шамамен 250 мың теңгеге жетуі мүмкін еді немесе 30 күн күту керек болған.
Желі қолданушылары бұл жағдайға әртүрлі пікір білдірді. Бірі мұндай шартты мәміле жасамас бұрын нақтылап алу керек десе, енді бірі пәтер Отбасы банктің кепілінде тұрса, ақша алдымен сол банкке түсетінін жазды.
Отбасы банк ресми түсініктемесінде комиссияның қандай шотқа ақша түскеніне байланысты екенін мәлімдеді. Егер қаражат жинақ шотында тұрса, онда депозит мерзімі маңызды. Депозит ашылғанына 30 күннен аспаса, оны мерзімінен бұрын жабу кезінде алынатын соманың 1 пайызы көлемінде комиссия ұсталады.
Ал депозит мерзімі 30 күннен асса, комиссия 5 мың теңге болады. Банк бұл есепке мемлекеттік сыйлықақы мен салым бойынша есептелген сыйақы кірмейтінін нақтылады.
Сонымен қатар кей жағдайда комиссия алынбайды. Мысалы, банк аралық немесе алдын ала заем беруден бас тартса, тұрғын үй толық сатып алынған жағдайда, заем мерзімінен бұрын толық өтелсе, салымшы қайтыс болса, депозит қалдығы 5 мың теңгеден аспаса немесе балалар үйі тәрбиеленушісінің депозиті 21 жасқа дейін ашылған болса, комиссия қолданылмайды.
Егер қаражат ағымдағы шотта болса және ол заем, жинақ немесе тұрғын үй төлемдерімен байланысты болмаса, ақшаны алу кезінде 0,95 пайыз комиссия ұсталуы мүмкін. Банктің түсіндіруінше, мұндай комиссия екінші деңгейлі банктер тәжірибесінде бар және операциялық шығынды жабуға бағытталған.
Пәтер сатушыларға маңызды ескерту
Отбасы банк тариф пен комиссия мөлшері заң аясында банктердің өздері белгілейтінін атап өтті. Сонымен бірге тарифтер тізімі банктің ресми сайтында ашық жарияланған.
Бұл оқиға тұрғындар арасында түсінікті себеппен дау туғызды. Адам пәтерін көбіне қарызын жабу, басқа баспана алу, көшу немесе шұғыл қаржылық мәселені шешу үшін сатады. Мұндай кезде үлкен сомадан комиссия ұсталу немесе 30 күн күту қажеттігі ауыр қабылданады.
Банк болса, бұл тәртіпті тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ерекшелігімен түсіндіреді. Отбасы банкте қолжетімді заем алу үшін салымшы тек депозит ашып қоймай, белгілі бір уақыт бойы жүйелі түрде ақша жинауы керек. Болашақ несие шарты жинақ мерзімі мен салым көлеміне байланысты болады.
Сондықтан банк депозитті қысқа мерзімге ашып, кейін тез жауып тастау жүйенің мәніне қайшы келеді деп есептейді. Комиссия осындай қысқа әрі ойланбай жасалған әрекетті азайтуға арналған құрал ретінде түсіндіріледі.
Мұндай жағдайға тап болмау үшін кепілдегі пәтерді сатар алдында үш мәселені алдын ала анықтап алған жөн. Біріншісі, сатудан түскен ақша нақты қай шотқа түседі. Екіншісі, қарыз жабылғаннан кейін қалған соманы бірден шешуге бола ма. Үшіншісі, дәл сол жағдайда қандай комиссия қолданылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







