Пәкістанда Қазақстан елшісі Ержан Қыстафин мен 11 елдің елшісін алып жүрген полиция көлігі мина басып, жарылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкіл Айбек Смадияров мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Деректерге сүйенсек, 22 қыркүйекте болған оқиға кезінде үш полицей жараланып, біреуі қайтыс болған.
«Біздің елшіміз колонна құрамында болған. Бірақ қазақстандық және шетелдік елшінің бірде-бірі зардап шеккен жоқ, олар қауіпсіз жерде. Елшілердің бәрі Исламабадқа оралды. Елшілер Исламабадтың Сауда-өнеркәсіп палатасы туризмге қатысты ұйымдастырып жатқан конференцияға қатысуға бара жатқан», — дейді Смадияров.
Көлікте Ресей, Қазақстан, Португалия, Эфиопия, Индонезия, Тәжікстан және Иранның елшілері отырған.
Алайда әзірге террористік ұйымдардың ешқайсы бұл оқиғаға қатысты жауапкершілік алмаған.