Талай спорт саңлақтары түлеп ұшқан Қазақ спорт және туризм академиясында Білім күні ерекше тойланды. Қазақ спортының қара шаңырағына Парижде топ жарған жүлдегерлер келіп, студенттермен кездесу өткізді.
Айырықша айта кететін жәйт, Париж олимпиадасында ел қоржынына түскен жеті медальдің бесеуін академия түлектері иеленді. Бұл білім ордасы үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш.
Сондықтан Демеу Жадраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, Ислам Сәтбаев сынды спортшылардың есімдері енді білім ордасының Олимпиада жүлдегерлері стенд тақтасына алтын әріппен жазылады. Грек-рим күресінен күміс алған Демеу Жадраев, спорттық гинастикадан күміс жүлдегер Нариман Құрбанов, дзюдодан қоланы қанжығалаған Ғұсман Қырғызбаев және оның бапкері, Қазақ спорт және туризм академиясының аға оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, күні кеше ғана Қ.Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алған Ермек Насиев жаңа оқу жылында қара шаңыраққа бекер келген жоқ. Ел мақтанышына айналған спортшыларымыз оқуға енді қабылданған 1-курс студенттері мен өзге де ізбасарларына ақыл-кеңестерін айтып, үлкен мотивация берді.
Ал, Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Закирьянов бүгінгі жиында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыс етті.
«Практика жүзінде білген-түйгенімізді енді теориямен ұштастыруға, ғылыми тұрғыда ізденуге мүмкіндік берген, өзім оқыған академия басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Ал, артымыздан еріген жас өрендерге сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарыңа жетуден ешқашан шаршамаңдар» — деді Демеу Жадраев.
Биыл академияға мыңнан аса студент қабылданды. Олардың арасында ел және әлемдік ареналарда топ жарып жүрген талай дүлдүл бар. Мәселен, бокстан әлем чемпионы Қасымбек Толғанай, таэквондодан әлем чемпионы Сүндетбай Айдана, каратэден әлем чемпионы Сырым Айбек, джиу-джитсу және грэпплингтен әлемнің 8 дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова және басқа жас спортшылар енді осы оқу орнында білім алады. Бүгінгі мерекелік шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан арнайы келді. Мәртебелі мейман, Қазақ спорт және туризм академиясының оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, тәрбие және спорттық жұмыстары бағытында жетістікке жеткен бірқатар оқытушыларды марапаттады. Атап айтқанда, ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, куәлігімен Бокс және ауыр атлетика кафедрасының аға оқытушысы Хамит Бараев, «Үздік оқытушы» төсбелгісімен Жақсыбек Жүнісбеков, Людмила Өмірзақова , Қалимаш Жанғанатова марапатталды.
Спорт жұлдыздарының қатысуымен болған мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, ән-күйге ұласты. Студенттерге жаңа серпін берген салтанатты жиында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қош келдің, студент» жобасы аясында жиналған қауыммен селфи-суретке түсті.