Әлемге әйгілі парсы кілемдерін тоқу технологияларының бастауы Орталық Азиядан шыққаны айтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Өскемен қаласында өткен «Ғасырлар дәстүрі» халықаралық кілем тоқу фестивалінің ашылуына арналған көшпелі баспасөз конференциясында мәлім болды. Мамандар кілем тоқу өнерінің тарихы екі мың жылдан астам уақытқа созылатынын және оның қалыптасуы көшпелі өркениетпен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Қазақстандағы «Global BEST of RECORDS» халықаралық рекордтар кітабының ресми өкілі, тарих профессоры Қуандық Құдайбергенов біраз жайтты айтты. Ол Орталық Азия көне кілем тоқу дәстүрінің маңызды ошақтарының бірі саналады. Ол екі мың жылдан астам тарихы бар Берел қорғандарын осы өнердің бастауларымен байланыстыра қарастыруға болатынын айтты.
Профессор парсы кілемдері туралы сөз болғанда, олардың өндірістік технологиясының негізі Орталық Азиядан алынғанын ескеру қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, көшпелі өмір салты, табиғи материалды өңдеу, ою-өрнек жүйесі және тұрмыстық қажеттілік кілем тоқу мәдениетінің дамуына үлкен ықпал еткен.
Қуандық Құдайбергенов UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұраны сақтау бағытындағы ұстанымы бүгінгі таңда ерекше маңызды екенін де атап өтті. Мұндай мұраны зерттеу, қорғау және келесі ұрпаққа жеткізу әлі де басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Өскеменде басталған «Ғасырлар дәстүрі» халықаралық кілем тоқу фестивалі көне қолөнерді кеңінен насихаттауға арналған маңызды алаң ретінде бағаланып отыр. Мұндай шаралар кілем тоқу өнерін тек тұрмыстық бұйым жасау дәстүрі ретінде емес, халықтың тарихи жады, эстетикалық танымы және мәдени сабақтастығы ретінде танытуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







