Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Президент Ассамблеяның аймақтардағы қызметін жандандыру қажеттігін ерекше атап, қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы нақты тапсырмалар берді.
Президенттің айтуынша, Түркістанда ашылған жаңа Достық үйі – елдегі рухани және тарихи-мәдени бастамалардың нақты көрінісі. Осы тәжірибені негізге ала отырып, Алматы облысында да осындай орталық салу жоспарланып отыр.
«Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек», — деді ол.
Президент Достық үйлерін туристік бағыттар картасына енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл ғимараттар ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі мәдени диалог алаңына айналуы тиіс. Сонымен қатар, этномедиацияны дамыту және «Елдесу және татуласу» жобасын ел аумағында кеңейту қажеттігі айтылды.
«Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек», — деді Президент.
Ақпараттық кеңістіктегі жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Президент бірлік пен келісім идеясын насихаттауда Ассамблея құрылымдарының, әсіресе, ҚХА журналистер клубының белсенділігін арттыруды тапсырды.
«Ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн», — деді Тоқаев.