Көкпардан Қазақстан құрамасы Қырғызстанның көкбөрі федерациясы шақырған «Бірлік кубогына» қатыса алмайды. Бұл туралы Қазақстан көкпар федерациясы Informburo.kz сайтына берген жауабында айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Азаттыққа сілтеп.
«Федерация Ыстықкөл жағалауында өтетін «Бірлік кубогына» қатыса алмайды, себебі ол күндері басқа маңызды жарыстар жоспарланған. Көкпаршылар қазір сол ойындарға дайындалып жатыр» деп жауап қатқан.
16 қыркүйекте Қырғызстанның көкбөрі федерациясы Қазақстан көкпар құрамасының ойыншыларын 1 қарашада Ыстықкөл облысы Шолпан-Ата қаласында болатын «Бірлік кубогына» шақырған еді. Қырғызстан турнирді қауіпсіздік үшін көрермендерсіз өткізіп, төрешіні үшінші елден шақырмақ.
Көрші елдегі федерация басшысы «төрешілер шешіміне я бірнеше ойыншының әрекетіне бола екі ел араздаспауы керек» деп мәлімдеген еді.
Жақында Астанада өткен бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезіндегі көкпар финалында Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан 5:4 есебімен басым түскен. Ойын кезінде Қазақстан ойыншысы Қырғызстан ойыншысын қамшымен салып жіберген. «Төрешілер қол көтерген спортшыға шара қолданбады» деген қырғыз шабандоздары ойнаудан бас тартқан. Жай-жапсарды тексере келе қамшы сілтеген қазақ спортшысы ойыннан уақытша шеттетіліп, көкпар жалғасқан. Матчтан соң қырғыз көрермені ойын әділ өтпеді деді.