Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихан жүйесі түбегейлі өзгереді. Жаңа ережелер емтиханның ашықтығын арттырып, жемқорлықты азайтуды және азаматтарға қолайлы жағдай жасауды көздейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңашылдықтар премьер-министрдің орынбасары, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жиынында бекітілді.
Ең басты өзгерістің бірі ақылы түрде емтихан тапсыру мүмкіндігінің шексіз болуы. Бірақ әр емтихан арасында кемінде 10 күндік үзіліс болуы тиіс.
«Бұл өзгеріс емтихан процесін қолжетімді етіп, артық шектеулерді жояды және жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді», – делінген үкімет хабарламасында.
Қазіргі тәртіп бойынша азаматтар үш рет тегін емтихан тапсыра алады: алғашқы екі рет арасы бір күннен, үшіншісі 30 күннен кейін. Осыдан кейін қайта оқыту қажет. Бұл кейбір азаматтарды куәлікті заңсыз жолмен алуға итермелеуі мүмкін болған.
Сонымен қатар…
Астанада Ұлттық тестілеу орталығы филиалының базасында пилоттық жоба іске қосылады. Мұнда теориялық емтихан тапсыру кезінде академиялық адалдықты қамтамасыз ететін технологиялар сынақтан өтеді, кейін ол бүкіл ел аумағына енгізілмек. Емтихан сұрақтарының сапасы психометрикалық зерттеу арқылы тексеріліп, олардың жүргізушінің білімін нақты бағалау мүмкіндігі расталатын болады.
Жаңа өзгерістердің ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізу де қарастырылған. Теориялық емтиханда қосымша шынайылық (Augmented Reality – AR), практикалық сынақ кезінде компьютерлік көру жүйелері (Computer Vision) қолданылады.
Цифрлық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Олар маңызды ақпараттық жүйелер тізіміне енгізіліп, ережелерді бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаң шара қолданылады.
Сондай-ақ, емтихан тапсыру кезінде тыйым салынған құралдарды қолданған азаматтар мен оларға көмектескен тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бұндай жағдайларда емтихан тапсыру құқығынан бір жылға дейін шеттету жазасы көзделген.
Автомектептерге қойылатын талаптар да күшейтіледі. Олардың қызметі жүргізушілерді дайындау сапасы мен азаматтардың пікірі негізінде бағаланады. Болашақта автомектептерді лицензиялау енгізіліп, сапасыз білім беретін мекемелер лицензиясынан айырылады.
Үкімет шаралардың негізгі мақсаты жүргізуші куәлігін алу кезіндегі кедергілерді жою, емтиханды барынша ашық өткізу және жемқорлықты мейлінше азайту екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







