Қазақстанда емін-еркін таралатын Pravda.ru еліміздегі орыс тілінің ертеңіне алаңдап отыр.
Кремль пропагандасына сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Максим Қазначеев қоғамдағы орыс тіліне қатысты көзқарастың өзгеріп жатқанына қынжылыпты деп жазады Ertenmedia.
Сарапшының пікірінше, егемендік ала сала, біздің элита британдық және әмірикалық жобалардың жетегінде кеткен. Негізгі кен орындары да солардың қолында, саяси элита толығымен Батысқа бет бұрған.
Айтуынша, Ақорда үшін Ресеймен арадағы шекараны ың-шыңсыз, тыныш ұстаса болғаны. Мәскеудің өзге ешқандай саяси-экономикалық маңызы қалған жоқ.
«Орысша орта барған сайын тарылып, қазақтілді ортаның өрісі кеңейіп келеді. Орыстілді қауымның көбі елден кеткісі келеді. Олардың ішінде тіпті қазақтар да аз емес. Азаматтардың шамамен 75-80 пайызы болашағын басқа елмен байланыстырады. Әсіресе, Ресейге көшу үрдісі күшті. Қазақстандағы орыстар арасында: «ерте ме, кеш пе, мұнда бүлік болуы мүмкін» деген үрей басым», – депті саясаттанушы.
Қазначеевтің пайымдауынша, Қазақстандағы әлемжеліні Батыс елшіліктері басқарады екен. Әлгі жерде Ресейге қарсы русөфобтық агитация белсенді жүргізіледі.
Сарапшы орта білім саласында Ресей туралы көзқарастың өзгеріп жатқанына алаңдап отыр.
«Қазақстан тарихын мифологияға айналдырып, «деколонизация» тенденциясы күшейіп барады. Мұның бәрі Батыстан келген қорлардың ықпалымен болып жатқан процесс. Мақсат Қазақстанды «орыс әлемінен» мейлінше алыстату», – дейді Қазначеев.
Сарапшы елімізде Ресей басқыншылығын қолдайтын аудиторияның аясы тарылып жатқанын айтыпты. Оның мәліметінше, тұрғындардың 20-25 пайызы ғана Кремльді қолдайды, өзге 75-80 пайызы Батысқа қарай бағыт алған.
Әскери операция» әп-сәтте аяқталды деген үміт күл-талқан болған…
Пікірінше, Қазақстандағы Ресейдің ықпалы енді қалпына келмейді. Елдің элитасы мен жастары Мәскеуден түбегейлі алыстаған.
«Бізде Ресеймен біріккен шамамен 8 мың кәсіпорын бар. Бірақ бұл ең төменгі деңгейдегі байланыс. Одан жоғары стратегиялық, саяси деңгейде Ақорда Кремльден кетіп қалған. Түптің түбінде Қазақстанның қауіпсіздігін Қытай қамтамасыз етеді. Тоқаевтың Бейжіңмен байланысты нығайтуы бекер емес. Жекешелендірудің екінші толқыны арқылы елдегі Қытай үлесін 50%-ға жеткізу жоспарланған», – деп түйіндепті саясаттанушы.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм каналынан оқыңыз.
Қазақстандағы орыс тілінің соңғы симфониясы: Мәскеудің мұңы мен қазақтың қалауы

