Қазақстанда депозит әлі де ақша сақтаудың ең түсінікті әрі кең тараған құралының бірі болып тұр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Валюта бағамының құбылуы, инфляциялық күтудің күшеюі және пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі аясында банк салымына деген қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Керісінше, нарықта табыс, икем және қолжетімділік үшін күрес күшейіп келеді.
Елдегі депозит нарығы негізінен екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі белгілі мерзімге ашылатын, табыстылығы жоғарырақ мерзімді салымдар. Екіншісі клиентке ақшасын кез келген сәтте пайдалануға мүмкіндік беретін талап еткенге дейінгі салымдар. Соңғысының икемі мол болғанымен, сыйақысы көбіне мардымсыз, кейде мүлде нөлге жуықтайды. Сондықтан мұндай шот күнделікті есеп айырысуға не уақытша ақша сақтауға ыңғайлы саналады.
Мерзімді депозитте қанша ақша жатыр?
Дегенмен негізгі салмақ мерзімді депозитке түсіп отыр. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердегі халықтың мерзімді салымы шамамен 25 трлн теңгеге жеткен. Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда өсім 19 пайыз болған.
Алайда барлық банктегі көрініс біркелкі емес. Кей қаржы институты халық қаржысын әлдеқайда белсенді тартып жатса, енді бірінде кері қозғалыс байқалады.
Мерзімді салым өсімі бойынша көш басына ForteBank шыққан. Бір жыл ішінде банк портфелі 41,8 пайызға, яғни 350 млрд теңгеге ұлғайған. Ақпанның соңына қарай банктегі мерзімді депозит көлемі шамамен 1,2 трлн теңгеге жетті.
Бұған не түрткі болды?
Мұндай серпіннің бірнеше себебі бар. Бір жағынан, ForteBank қаржылық көрсеткішін күшейтіп, салымшы сенімін арттырды. Екінші жағынан, нарықтағы тартымды өнімдер қатарын ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Шешу мүмкіндігі бар депозит» бойынша тиімді мөлшерлеме 15,7 пайызға дейін жетеді. «Жинақ салымы, шешіп алу құқығынсыз» өнімі 20 пайызға дейінгі табыстылық ұсынады. Ал «Шешіп алу құқығынсыз депозит» 14,9 пайызға дейін сыйақы береді. Оған қоса, кіру шегі қолжетімді, шотты мобильді қосымша арқылы басқару ыңғайлы.
Екінші орынға Freedom Bank жайғасқан. Аталған банкте мерзімді салым бір жылда 41,7 пайызға, яғни 240,9 млрд теңгеге көбейген. Ақпан соңында оның көлемі 819 млрд теңгеге жеткен.
Үздік үштікті Bank RBK түйіндеді. Ондағы өсім 36,6 пайыз болып, мерзімді депозит көлемі 697,1 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Алғашқы бестікке Отбасы банк пен Bereke Bank те енді. Екеуінде де өсім 25 пайыз деңгейінде тіркелген.
Сонымен қатар талданған кезеңде алты банкте халықтың мерзімді салымы азайған. Яғни нарық жалпы өскенімен, бәсеке күшейіп, клиент сенімі әр банкке әртүрлі бөлініп жатыр.
Ұзақ мерзімді динамикаға қарағанда, депозит нарығының тамыры тереңдеп келеді. Соңғы бес жылда халық салымының көлемі 2,5 еседен астам өскен. Орташа жылдық қарқын шамамен 21 пайызға жеткен.
Сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, депозит қазақстандықтар үшін жай ғана ақша сақтайтын орын емес, белгісіздік кезеңіндегі қорғаныс құралына айналып барады. «Бір анығы сенім мен табыстылық тайталасында депозит үшін күрес енді бұрынғыдан да қыза түседі», — дейді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







