Қазақстанда жеке тұлғалардың банк шоттарындағы мобильді аударымдарды салық органдарының бақылауына іліктіретін ақшалай шек 1 миллион 20 мың теңгеден 1 миллион 557 мың теңгеге дейін ұлғаяды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Есептеу тәртібі неге өзгерді?
Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың шоттары бойынша екінші деңгейлі банктер ұсынатын мәліметтер ережесіне тиісті өзгерістер енгізді. Бұған дейін салық органдарының назарына қатарынан үш ай бойы 100 немесе одан көп адамнан аударым алып, оның жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (биыл 1 020 000 теңге) асқан азаматтар ілігетін еді.
Жаңа құжатқа сәйкес, бұл меже енді ең төменгі жалақымен емес, айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) есептеледі. Тексеру критерийі 360 АЕК көлемінде бекітілді. 2026 жылғы АЕК мөлшері 4 325 теңгені құрайтындықтан, салық бақылауына негіз болатын сома 1 557 000 теңгеге жетіп отыр.
«Шекті мөлшерді 360 АЕК деңгейінде белгілеу арқылы бақылауға ілігетін жалпы сома 537 мың теңгеге немесе шамамен 53 пайызға ұлғайды».
Қандай аударымдар назарға ілігеді?
Қаржыминінің мәліметінше, ақшалай соманың өсуіне қарамастан, қалған талаптар өзгеріссіз қалды. Банктер мына екі негізгі шарт бір мезгілде орындалған жағдайда ғана тиісті деректерді мемлекеттік кірістер органдарына жібереді:
Біріншіден, қатарынан күнтізбелік үш айдың әрқайсысында кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шотқа 100 және одан да көп әртүрлі адамнан қаражат түсуі қажет. Екіншіден, үш айда түскен барлық аударымның жалпы көлемі 360 АЕК-тен, яғни 1 557 000 теңгеден асуы шарт.
Маңызды жайт: ақша жөнелтушілер саны нақты адаммен есептеледі. Егер бір азамат ай ішінде бірнеше рет аударым жасаса, ол жеке-жеке емес, тек бір жөнелтуші ретінде тіркеледі.
Аударымдарға салық салынбайды
Қаржы министрлігі бұған дейін жеке мобильді аударымдардың өзіне салық салынбайтынын бірнеше мәрте түсіндірген болатын. Басты мән ақшаның мақсатында: тауар мен қызмет көрсеткені үшін төленген ақы ғана кәсіпкерлік табыс ретінде бағаланады. Ал туыстар мен жақындар арасындағы аударымдар, жеке сыйлықтар мен материалдық көмекке ешқандай салық салынбайды.
«Белгіленген шектен асып кету шоттағы шығыс операцияларын бұғаттауға немесе бірден айыппұл салуға негіз бола алмайды. Азаматтарға түскен қаражат бойынша түсініктеме беру мүмкіндігі беріледі».
Банктер салық органдарына мәліметтерді әр тоқсан сайын цифрлық жүйе арқылы жолдап отырады. Қаржы министрі Мәди Такиев қол қойған бұйрық ресми жарияланды және ол 2026 жылдың 10 қарашасынан бастап қолданысқа енеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







