Қазақстанның құрылыс секторы 2026 жылдың басында жоғары қарқынмен дамып отыр, бірақ өсім біркелкі емес, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы құрылыс көлемінің артуына негізінен ірі инфрақұрылымдық жобалар мен инженерлік құрылыстар ықпал етуде. Дегенмен, бұл жағдай саланың тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі құрылыс белсенділігі көбінесе мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді болып отыр.
2026 жылдың қаңтар-ақпанында құрылыс жұмыстары екі таңбалы өсімді сақтағанымен, оның базасы әлі де тар әрі жекелеген өңірлерде ғана шоғырланған.
Өңірлік тұрғыдан қарағанда да өсім біркелкі емес. Құрылыс жұмыстарының көлемі 18 өңірде артты. Ең жоғары қарқын Ұлытау облысында тіркелді – 143,7%, одан кейін Қызылорда облысы – 62,3%, Солтүстік Қазақстан облысы – 45,0%, Түркістан облысы – 33,2%.
Елорда Астана қаласы жалпы құрылыс көлемінің 20%-ын қамтамасыз етіп отыр, мұнда өсім 23,5% құрады. Бұл деректер құрылыс белсенділігінің негізінен ірі жобалар мен инвестициялық сұранысы жоғары өңірлерде шоғырланғанын көрсетеді.
Тұрғын үй құрылысы да 2025 жылмен салыстырғанда біршама тұрақты болды. Қаңтар–ақпанда 2 108,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,1% көп. Алайда, мұнда да өсім біркелкі емес. Тұрғын үйдің негізгі бөлігі – көппәтерлі үйлер (1 363,8 мың шаршы метр), жеке тұрғын үйлердің үлесі – 738,0 мың шаршы метрді құрады.
Тұрғын үй құрылысының 98,8%-ын жеке сектор жүзеге асырды. Оның ішінде халықтың өзі тұрғызған үйлердің көлемі 764,0 мың шаршы метр болды. Бұл тұрғын үй құрылысы негізінен жеке құрылысшылар мен ірі қалаларға тәуелді екенін көрсетеді.
Астана мен Алматыда қаңтар–ақпан айларында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі республикадағы жалпы көрсеткіштің шамамен 49%-ын құрады. Астанада – 602,2 мың шаршы метр, Алматыда – 427,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да жалғасып жатыр. Қаңтар–ақпанда ел аумағында жалпы сыйымдылығы 6400 орын болатын 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Қорыта айтқанда, құрылыс секторы инфрақұрылымдық жобалар мен ірі қалалардың белсенділігі есебінен дамып отыр. Орта мерзімді келешекте тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін жеке сұранысты ынталандырып, құрылыс белсенділігін ірі жобалардан тыс аумақтарға да тарату қажет.
Өскеменде бірқатар құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді ешқандай рұқсат құжаттарынсыз тұрғызған. Заң талаптарын өрескел бұзған кәсіпорындардың әрекетін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары анықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







