Қаржы мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз иемденгенін анықтады, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеу дерегіне сәйкес, фермер 2019 жылдың мамыры мен 2020 жылдың наурызы аралығында жалған құжаттар арқылы сүт өңдеуге бөлінген мемлекеттік қаражатты заңсыз алған.
Ол жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алынғаны туралы құжаттарды қолданып, сары май өндірілгенін де жалған мәлімдеп отырған.
Сот бұл келісімдердің бәрін жарамсыз деп тапты. Тергеу барысында күдіктінің алынған қаржыны өз мақсатына пайдаланып, Toyota Land Cruiser Prado көлігін сатып алғаны, оны сенімді өкілдің атына рәсімдегені анықталды. Сот қаулысымен аталған автокөлікке арест қойылды.
Күдіктінің өзі қамауда отыр, оған қатысты екі ай мерзімге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Тергеушілер іске қатысты қосымша айғақтарды жинауды жалғастыруда.
Бұдан өзге барлық ақпарат ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.