«Росатомның» еншісіндегі ресейлік «Ураниум Уан Груп» компаниясы қазақстандық «Заречное» кен орнындағы өз үлесін сатты, оған қоса «Северный Хорасан» кен орнындағы бірлескен кәсіпорындардан шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіптің» баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Росатом» мемлекеттік корпорациясының компаниялар тобына кіретін «Ураниум Уан Груп» АҚ түпкі бенефициары State nuclear Uranium Resources Development Co., Ltd (ҚХР) компаниясы саналатын SNURDC Astana Mining Company Limited компаниясының пайдасына «Заречное» БК» АҚ-ның акцияларының 49,979%-ын сатты. Бұл ретте осы бірлескен кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгерген жоқ және ол 49,979%-ды құрайды», — деп жазылған хабарламада.
«Заречное» БК» АҚ 1977 жылы ашылған Түркістан облысындағы Заречное кен орнында уран өндіреді. Кен орнындағы уран қоры 2024 жылдың басында шамамен 3,5 мың тоннаны құраған. Кен орнын игеруді аяқтау 2028 жылға жоспарланып отыр.
«Ураниум Уан Груп» АҚ «Хорасан-U» БК» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын және «Қызылқұм» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын мәміле тараптары оны жабу рәсімдерін аяқтаған жағдайда түпкі бенефициары China General Nuclear Power Corporation (CGN, ҚХР) саналатын China Uranium Development Company Limited компаниясының пайдасына сатады деп күтілуде. Осы бірлескен кәсіпорындарда Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгермейді, «Хорасан-U» БК» ЖШС-те 50% және «Қызылқұм» ЖШС-те 50% (жанама) деңгейде сақталады», — деп жазылған хабарламада.