Жамбыл облысындағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушысынан қатыгездікпен соққы жеген жасөспірім ауыр халде ауруханаға түсті. Басына тиген жойқын соққыдан миына қан құйылған оқушы жансақтау бөлімінде ес-түссіз, комада жатыр. Дәрігерлер баланың өмірі үшін күресіп жатқанда, өңірдегі білім ошақтарын жайлаған әлімжеттік пен жазасыздық жұртшылықтың зор ашу-ызасын туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жансақтау бөліміндегі күрес және жасырылған шындық
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға дәстүрлі «үлкендер мен кішілер» арасындағы түсініспеушіліктен, яғни жоғары сынып өкілдерінің төменгі сынып баласын бұрышқа тығып, есеп айырысуынан басталған. Денесіне бірнеше рет ауыр соққы тиген жасөспірім есінен танып құлаған соң ғана төбелес тоқтаған.
Ауруханаға жеткізілген сәтте дәрігерлер оның басына зақым келіп, ми ішіне қан кеткенін анықтады. Қазір науқас аппаратқа қосылып, өмір мен өлім арасында жатыр. Мектеп қабырғасында орын алатын мұндай тағылық әрекеттердің ашық қылмысқа ұласуы білім мекемелерінде бала қауіпсіздігінің мүлде қамтамасыз етілмегенін кезекті рет дәлелдеп берді.
Қанға боялған өңір: Ertenmedia бұған дейін де жазған
Жамбыл топырағында жасөспірімдердің мектепте немесе сабақтан тыс уақытта қырықпышақ болып төбелесуі, аяғы кісі өлімімен аяқталуы қалыпты үйреншікті жағдайға айналып барады. Редакциямыз бұған дейін де осы өңірдегі балалар арасындағы қанды жанжалдарды, оқушылардың дәретханада соққыға жығылып тіл тартпай кеткенін, футбол матчынан соң өрімдей жастың мерт болғанын бірнеше мәрте жазып, дабыл қаққан болатын.
Байзақтағы қайғылы оқиға, Тараздағы мектеп дәретханаларындағы жабайы төбелестер мен ауылдардағы топтық төбелестерден кейін де жауапты орындар ешқандай сабақ алмады. Әрбір қайғылы оқиғадан кейін «жағдай бақылауда» деп есеп беретін жауапты мекемелер шын мәнінде қылмыстың алдын алуға емес, болған оқиғаның бетін жауып, ата-аналардың аузын жабуға ғана машықтанғандай көрінеді.
Әкім Қарашөкеевтің қауқарсыздығы мен бос жиындары
Облыста оқушылар бірін-бірі мүгедек етіп, ажал құшып жатқанда, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің әрекеті кабинеттік жиналыс пен құрғақ сөгіс үлестіруден әріге аспай отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінде жүргенде де шаруалардың жанайқайына құлақ аспай сыналған шенеунік, шекаралық әрі криминогендік ахуалы аса күрделі Жамбыл өңірінің тізгінін ұстағалы бері жасөспірімдер қылмысын тізгіндей алмай, толық дәрменсіздік танытты.
Аймақ басшысының бар тындырғаны – қанды оқиға шыққан сайын білім бөлімінің бірнеше маманына қатаң сөгіс жариялап, телекамералардың алдында қабақ түюмен шектелу. Ал нақты өмірде мектептердегі криминалдық топтар, жоғары сыныптардың «смотрящийлері» мен балаларды қорқытып ақша жинайтын «общак» жүйесі тайраңдап тұр.
Облыс әкімі өңірдегі әрбір ауданның, әрбір мектептің ішкі тынысын жіті қадағалап, құқық қорғау құрылымдарының жұмысын түбегейлі қайта құрудың орнына, мәселені өздігінен шешіледі деп сырттай бақылап отырған сыңайлы. Қарашөкеев мырзаның осындай салғырттығы мен формализмінің құнын бүгінде жазықсыз жасөспірімдер өз өмірімен, денсаулығымен өтеп жатыр.
Ertenmedia ракурсы: Министрлік пен полиция кімді алдап жүр?
Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі мектептерді толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықтадық, «мектеп инспекторларын» күшейттік, түрлі профилактикалық сабақтар өткізіп жатырмыз деп қоғамға үздіксіз есеп береді. Бірақ бұл жалған мақтаныш кімге керек?
Камералардың бәрі тек қағаз жүзінде істеп тұр, ал төбелес болатын дәретханалар, спорт залдың арты мен мектеп маңындағы қараңғы қуыстар бұрынғысынша бақылаусыз. Мектеп директорлары рейтингті ойлап, мекемесінің атына кір келтірмес үшін буллинг пен әлімжеттік деректерін жасырып-жабуға тырысады. Полиция болса, бала өліп немесе комаға түскенде ғана қылмыстық іс қозғап, қалған уақытта жайбарақат жүреді.
Жамбыл облысындағы кезекті қасірет – тұтас жүйенің шірігенін көрсеткен соңғы ескерту. Егер Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі криминалдық идеология мен бопсалауды түбірімен жоятын нақты қатал тетіктерді енгізбесе, ал облыс басшысы Ербол Қарашөкеев кабинеттен шығып, жеке жауапкершілікті мойнына алмаса, келесі қайғылы жағдайдың орын алуы тек уақыттың еншісінде қалмақ. Ата-ана баласын мектепке білім алу үшін жібереді, жансақтау бөлімінен табытпен немесе мүгедек болып қайтуы үшін емес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







