Жаңа саяси модельде өңірлер партиялық бағдарламалардың қарапайым нысаны емес, жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыратын толыққанды күшке айналуға тиіс. Сарапшылар сайлаушы талабының күшейгенін, партиялық тізімдердегі аумақтық теңгерімсіздікті және азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне тұрақты тартудың маңызын атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сараптамалық отырыста қоғамдағы электоралдық көңіл күй, партиялардың өңірлермен байланысы және жергілікті мәселелердің жалпыұлттық саяси бағдарламада көрініс табуы талқыланды. Қатысушылардың пікірінше, қазіргі сайлау науқаны саяси ұйымдардың беделін ғана емес, олардың нақты шешім ұсыну қабілетін де сынайды.
Сарапшы Азамат Байғалиев әлеуметтанулық зерттеу нәтижелеріне назар аударды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың басым бөлігі елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты әрі қолайлы деп бағалаған. 80%-дан астам респондент болашаққа сеніммен қарайтынын білдірген.
Оның айтуынша, қоғамдағы тұрақтылыққа берілген оң баға сайлаушы кез келген ұсынысты сөзсіз қабылдайды дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың саяси сауаты артып, партиялардан кәсіби бағдарлама, дәлелді есеп және орындалатын міндет күту үрдісі қалыптасып келеді.
– Бүгінде сайлаушының талабы күшейді. Азаматтар енді ұрандарға емес, инфляцияны тежеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және жол сапасын жақсарту сияқты нақты мәселелердің кәсіби шешімдерін күтеді, – деді Азамат Байғалиев.
Сарапшының пікірінше, сайлауалды бағдарлама әлеуметтік мәселелерді жай тізіп шығумен шектелмеуі керек. Әр ұсыныстың қаржыландыру көзі, орындалу мерзімі және қоғамға беретін нәтижесі түсінікті болғаны жөн. Қазіргі партияаралық пікірталаста бизнесті қорғау, салық жүйесі, заң сапасы және мемлекеттік саясаттың нақты мәселелері алдыңғы қатарға шығып келеді.
Павлодар облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Поломарчук 2016, 2021 және 2023 жылдардағы сайлау науқандарындағы партиялық тізімдер мен әлеуметтанулық зерттеулерді салыстырды. Оның дерегінше, кандидаттардың географиялық ауқымы кеңейгенімен, партиялық іріктеу ұзақ уақыт бойы орталықтандырылған сипатта қалған.
Алдыңғы парламенттік науқандарда кандидаттардың шамамен 43%-ы Астана қаласының өкілдері болған. Елордадан ұсынылған кандидаттар депутаттық мандаттардың 65%-дан астамын иеленген. Ал партиялық тізімдердегі кандидаттардың шамамен 40%-ын берген өңірлерге парламенттік орындардың 20%-ға да жетпейтін бөлігі тиген.
Поломарчуктың пікірінше, мұндай арақатынас өңірлік өкілдік пен саяси шешім қабылдау арасындағы алшақтықты көрсетеді. Облыстан ұсынылған кандидаттың тізімге енуі жеткіліксіз. Оның сайлану мүмкіндігі, партия ішіндегі салмағы және өңір мәселесін ұлттық мінберге шығару қабілеті де маңызды.
Сарапшы партиялардың орталық аппаратқа шамадан тыс тәуелді болуы жергілікті филиалдардың саяси бастамасын әлсірететінін айтты. Өңірлік бөлімше тек жиын өткізіп, тапсырма орындайтын құрылым ретінде қалса, тұрғындардың нақты сұранысын толыққанды бағдарламаға айналдыра алмайды.
– Өңірлік филиал тек әкімшілік кеңсе емес, өңірдің өзекті мәселелерін зерттеп, сарапшылармен өзара іс-қимыл жасайтын және өңірлік бастамаларды ұлттық деңгейде ілгерілететін саяси-сараптамалық орталыққа айналуы тиіс, – деді Борис Поломарчук.

Поломарчук қазіргі электоралдық науқанды саяси жүйенің кемелдігін тексеретін кезең деп бағалайды. Оның пікірінше, партиялық бәсекеде бағдарламалардың мазмұны, кандидаттардың кәсібилігі және қоғаммен тұрақты байланыс орнату қабілеті шешуші мәнге ие болады.
Alikhan Bokeikhan University Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Аман Рахметуллин конституциялық реформалар жағдайындағы саяси мәдениеттің дамуына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне араласу аясы біртіндеп кеңейіп келеді.
Аталған өзгеріс сайлауға қатысу көрсеткішінен ғана байқалмайды. Қоғамдық кеңестердің жұмысы, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы, ашық талқылау мен азаматтық бастамалардың көбеюі де саяси мәдениеттің маңызды өлшеміне айналды.
– Саяси мәдениеттің дамуын тек құқықтық өзгерістер арқылы емес, азаматтардың саяси белсенділігі, қоғамдық өмірге қатысу деңгейі және мемлекеттік институттарға деген сенімі арқылы бағалау қажет, – деді Аман Рахметуллин.
Сарапшының ойынша, заң азаматқа мүмкіндік бергенімен, сол мүмкіндікті пайдалану үшін саяси сауат пен қоғамдық жауапкершілік қажет. Дауыс беру саяси қатысудың жалғыз түрі емес. Азамат жергілікті бюджет, аумақты дамыту, коммуналдық қызмет, экология және әлеуметтік инфрақұрылым мәселесін талқылауға да белсенді араласуы тиіс.
Рахметуллин бұған дейін де конституциялық жаңғыруды мемлекеттілік пен қоғамдық бірлікті нығайтатын фактор ретінде бағалаған. Оның пікірінше, саяси өзгерістің орнықтылығы ортақ жауапкершілік пен азаматтардың белсенді қатысуына тәуелді.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзянов азаматтық қатысуды дауыс беру күнімен шектеуге болмайтынын айтты. Сайлау аяқталған соң қоғам мен билік арасындағы байланыс әлсіресе, тұрғындардың сұранысы келесі науқанға дейін қордаланып қалуы мүмкін.
– Қоғамдық кеңестер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және қоғамдық талқылаулар мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етіп, өңірлердің өзекті сұраныстарын дер кезінде жеткізуі қажет, – деді ол.
Ахмедзяновтың пікірінше, жергілікті деңгейдегі диалог формалды есеп беру жиналысына айналмауы керек. Тұрғын көтерген мәселенің қай органға жолданғаны, қандай шешім қабылданғаны және оның орындалу мерзімі ашық көрсетілгені жөн.
Қоғамдық кеңестердің әлеуеті де ұсыным берумен шектелмейді. Олар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бағалап, жергілікті бюджетті талқылап, билік пен тұрғын арасындағы кері байланысты күшейте алады. Кеңес құрамына салалық мамандарды, азаматтық белсенділерді және тәуелсіз сарапшыларды тарту ұсыныстардың сапасын арттырады.
Жиын қатысушылары партиялық тізімдердегі өңірлік өкілдік сандық көрсеткіш деңгейінде қалмауы керек деген ортақ пікірге келді. Облыстан кандидат ұсыну мен сол өңірдің мүддесін саяси шешімге енгізу екі бөлек мәселе саналады.
Жаңа саяси модельде партиялар аймақтық бағдарламаларды орталықта дайындалған бір үлгі бойынша жасамауы қажет. Өнеркәсіпті Павлодардың, аграрлық Солтүстік Қазақстанның, мұнайлы Маңғыстаудың немесе халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің сұранысы бірдей емес. Әр аумақтың экономикасы, демографиясы және инфрақұрылымдық түйткілі жеке сараптаманы талап етеді.
Қатысушылар сайлаушының партия атауына немесе танымал тұлғаға ғана емес, команда құрамына да назар аударатынын атап өтті. Кандидаттың білімі, кәсіби тәжірибесі, өңірді білуі және қоғам алдында есеп бере алу қабілеті электоралдық сенімге тікелей ықпал етеді.
Отырысты қорытындылаған сарапшылар өңірлер жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастырудың толыққанды қатысушысына айналуға тиіс екенін айтты. Аймақтар орталықтан қабылданған шешімді орындаушы ғана емес, мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындайтын бастамашыл тарап болуы қажет.
Осы мақсатта мемлекеттік органдар, саяси партиялар, жоғары оқу орындары, талдау орталықтары және қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту ұсынылды. Мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге өңірлік сарапшылар қауымдастығын кеңінен тарту жергілікті мәселенің орталық деңгейде дұрыс түсіндірілуіне мүмкіндік береді.
Сарапшылардың ортақ тұжырымы бойынша, жаңа саяси кезеңнің басты өлшемі партиялардың қанша уәде бергені емес, өңірлік сұранысты қаншалықты дәл танып, оны кәсіби әрі орындалатын шешімге айналдыра алғаны болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






