Жетісу облысындағы Достық көлік-логистикалық торабының мүмкіндіктері кеңейіп, өткізу қабілеті артып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жақында ашылған «Алакөл» өткізу бекетінде көлік жолақтары саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 800 автокөлікке дейін жеткен. Сонымен қатар, бұл бекетте қызмет көрсету толықтай цифрландырылып, жаңа заманауи технологиялар енгізілген.
«Алакөл» кеден бекетінің бас маманы Айдын Әңгібаевтың айтуынша, жаңа цифрлық жүйелер көліктерді тексеру уақытын екі есеге қысқартқан. Бұрын жүргізушілер тексеріс кезінде көліктен шығуға міндетті болса, қазір мұндай талап алынып тасталды. Цифрлық жүйе арқылы жасанды интеллект автокөліктердің сканерленген суреттерін пилоттық режимде өзі талдап, өткізу процесін жеделдеткен.

Өткізу бекеттерінің қуаты артқандықтан, осы жерде көлік-логистикалық орталықтар дамып жатыр. Соның бірі – тәулігіне 3 мың көлік қабылдай алатын «Dostyk Auto Hub» сервис кешені. Жобаға 700 млн теңге инвестиция құйылған.
Кешенде жүргізушілерге арналған заманауи қонақ үй, тамақтану орындары, супермаркет және электрондық кезек үшін тегін автотұрақ бар. Бұл көлік қозғалысын тиімді реттеуге, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Әзірбайжаннан келген жүргізуші Имран Кокларовтың айтуынша, мұнда жүргізушілер үшін өте ыңғайлы әрі қолайлы жағдай жасалған. Жаңа бекетте электронды кезек ұйымдастырылған, демалуға және тамақтануға қажетті барлық жағдай қарастырылған.

Сондай-ақ, бұл аймақта жалпы сыйымдылығы 1500 автокөлікке арналған «Digital Silk Road Company», «Жібек Жолы» уақытша сақтау қоймалары жұмыс істейді. Теміржол бағытында болса, «ЕТТ Dostyk» жүк терминалы қызмет көрсетуде. Терминалдың өткізу қуаты жылына 470 мың контейнерге жетеді.
Айта кетейік, Президент тапсырмасы бойынша былтыр «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы аяқталды. Нәтижесінде осы теміржол желісінің өткізу қабілеті тәулігіне 12 жұп пойыздан 20 жұп пойызға дейін артқан.
Соңғы жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында (ШЫХО) цифрландыру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл шаралар орталықты туризм, сауда және инвестиция саласында жоғары деңгейде қызмет көрсететін заманауи алаңға айналдырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







