АҚШ-тың Нью-Джерси штатында тұрғындарға арналған шағын розеткалық күн панельдеріне салынған шектеулер ресми түрде алынып тасталды. Штат губернаторы қол қойған Garden State Balcony Solar Act заңы 2027 жылдың наурызынан бастап күшіне енеді. Құжат жергілікті тұрғындарға күрделі рұқсат құжаттарынсыз қуаты 1200 ватқа дейінгі панельдерді пәтер балконына немесе терезе алдына еркін орнатуға рұқсат береді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Пәтер жалдаушыларға ашылған жаңа мүмкіндік
Осыған дейін жеке үйде күн қуатын пайдалану үшін шатырға ондаған мың доллар тұратын қымбат қондырғылар орнату қажет болатын. Мұндай шешім көпқабатты үйлерде тұратындар мен баспана жалдаушылар үшін қолжетімсіз болып келді. Себебі пәтер иелері мен тұрғын үй кооперативтері ғимарат қасбетіне өзгеріс енгізуге үзілді-кесілді тыйым салатын.
Жаңа заң пәтер жалдаушыларға баспананың ішкі құрылымына ешқандай техникалық өзгеріс жасамай-ақ дербес электр өндіруге жол ашады. Ықшам қондырғы кәдімгі тұрмыстық розеткаға тікелей қосылып, күн сәулесінен алынған қуатты тұрмыстық техникаға бағыттайды.
Тұрғындар қанша қаржы үнемдей алады?
Сарапшылардың есебінше, терезе мен балконға қойылатын ықшам жүйелер жарық төлемін бірден азайтуға септігін тигізеді. Environment New Jersey ұйымының директоры Даг О’Мэлли бастаманың нақты қаржылық тиімділігін түсіндірді.
«Ай сайынғы үнем кемінде 15 доллардан басталады. Егер қуаты жоғары панельдер мен арнайы аккумуляторлық батареялар пайдаланылса, бұл көрсеткіш едәуір арта түседі», – деп атап өтті Даг О’Мэлли.
Штат басшылығының мәліметінше, балкондық жүйелер тұрғындардың орташа айлық коммуналдық шотын 50 долларға дейін қысқарта алады. Тиімділікті есептейтін онлайн құралдардың көрсеткішіне сәйкес, шағын жүйені ұзақ мерзім бойы тұрақты тұтынған отбасы 20 жыл ішінде 8500 доллардан астам қаражат үнемдей алады.
Техникалық кедергілер мен қауіпсіздік мәселесі
АҚШ-тың барлық штаты мұндай құрылғыларға бірдей рұқсат беріп отырған жоқ. Қазіргі уақытта балкон панельдерін ресми заңдастырған өңірлер саны оннан аспайды. Вайоминг пен Аризона секілді штаттарда осыған ұқсас заң жобалары энергетиктер тарапынан қарсылыққа тап болды.
Мұның басты себебі дәстүрлі инфрақұрылымның қауіпсіздігіне байланысты туындап отыр. АҚШ-тағы коммуналдық желілер ток ағынын тек бір бағытта — үйдің тарату қалқанынан тұтынушыға жеткізуге арналып салынған.
«Розеткаға қосылатын жүйелер кері бағытта электр өндіріп, екіжақты ток ағынын тудыратындықтан, бірқатар мамандар мұны үй ішіндегі сымдар мен ортақ желіге қауіпті деп бағалайды».
Соған қарамастан, электр тарифтерінің қымбаттауы халықты үнемдеудің баламалы жолдарын қарастыруға итермелеп отыр. Сарапшылардың пікірінше, Нью-Джерсидің оң тәжірибесі алдағы уақытта көршілес штаттардағы энергетикалық ережелердің жұмсаруына ықпал етуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







