Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу қашан аяқталатыны белгілі болды. Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Прокуратура мәліметінше, Шерзат Болаттың өліміне қатысты соталды тергеу аяқталу сатысында тұр, тергеу жүргізілген, барлық күдікті ұсталған.
«Қазір сараптама нәтижелері шыққанын күтіп отырмыз, содан кейін процеске қатысушыларға танысу үшін беріледі. Қаржаубай Нұрымовтың үйін өртеуге және Нұрғанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсауына қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Жұртшылықты жалған ақпарат таратпауға шақырамыз», — деп жазылған Алматы облысы прокуратурасының хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.