Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Биыл «Казцинк» әлеуметтік бастамаларға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөледі деп жоспарлануда, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ірі жобаларға облыстағы медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, Риддердегі мектептердің құрылысы мен жабдықтауды жалғастыру, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу жатады.
– Ынтымақтастық туралы меморандум жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бұған дейінгі меморандумдардың арқасында Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянск қалаларындағы медициналық ұйымдар мен мектептерді жабдықтау, жол-көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсартуды қамтитын әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылды.

«Казцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин атап өткендей, меморандумға қол қою тараптардың облысты дамытуға деген ниетін білдіреді.
– Біз компания бөлімшелері орналасқан елді мекен тұрғындарының бастамаларына назар аударуға тырысамыз. Біз үшін аймақтың әлеуметтік әл-ауқаты маңызды. Облыс әкімдігімен бірлескен жұмысты жалғастыратынымызға қуаныштымыз, – дейді Жанат Жанботин.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







