Белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали ушыққан геосаяси ахуалға, соның ішінде соғыс өрті күшейген Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сарапшының пікірінше, Украинадағы соғыс күрт ушыққан, тіпті тараптар бір-бірін зымырандармен соққылап жатыр. Асхат Қасенғали бұл жағдайды «бұрын-соңды болмаған деңгей» деп бағалады.
«Алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандар бір тараптан атылса, екінші тараптан жауап ретінде баллистикалық зымырандар атылуда. Бір аптаның ішінде соғыс бұрын-соңды болмаған жағдайға жетті. Осындай сәтте әлем елдері өз позицияларын білдіруде. БҰҰ ресми түрде мәлімдеме жасап, тараптарды дереу арада келіссөзге шақырды. Шиеленісті тоқтатуға үндеді», — деді ол желідегі парақшасында.
Саясаттанушы Қазақстанның ресми позициясы да БҰҰ-мен үндес екенін айтады.
«Қазақстан медиатор қызметін атқаруға дайын екенін де айтты. Мәселені келіссөзбен шешуге шақырды. Ақорда өзінің позициясын тағы да бір мәрте жария етті. Былай дейді: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрге, Президент Әкімшілігінің Басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді.
Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын», — деген жазба президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің парақшасында жарияланды.
Осыған қарап-ақ, жағдайдың тым күрделі екенін түсінуге болады. Біздің позиция бұл қақтығыста бейтарап және тараптарды келісімге шақыру негізінде бола бергені дұрыс әрине», — дейді саясаттанушы желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Ресей президенті Путин Украинадағы қақтығысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасады.
Артынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты тапсырма берді.
Бүгін таңертең Үкімет іске кірісті. Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша шұғыл жиын өткізді. Бірқатар министрлік басшысымен өткен кеңесте қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың алдына нақты міндеттер қойды.