Ақмола облысының Степногорск қаласында балалармен жұмыс істеуге құқық беретін арнайы мамандандырылған сертификаты жоқ тіс дәрігері 345 баланы қабылдап, медициналық сақтандыру қорынан миллиондаған теңге алып келген. Қалалық прокуратураның араласуынан кейін ғана медициналық мекеме заңсыз алған бюджет қаржысын қазынаға қайтаруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Viamedis» клиникасындағы заңсыздық және 2,5 миллион теңге
Құзырлы орган жүргізген тексеру барысында заңсыз қызметтің «Viamedis» серіктестігінің Степногорск қаласындағы филиалында ұйымдастырылғаны анықталды. Онда жұмыс істейтін тіс дәрігерінің ересектерге қызмет көрсетуге рұқсаты болғанымен, кәмелетке толмаған балаларды емдеуге қажетті міндетті кәсіби сертификаты мүлде болмаған.
Соған қарамастан, біліксіз маман жүздеген жасөспірімді қабылдап, олардың барлық емін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен ресімдеп отырған. Жүйеден негізсіз жымқырылған қаржы көлемі 2 569 792 теңгені құрады.
Қадағалаушы орган өкілдері кәмелетке толмағандарға тиісті рұқсатсыз медициналық көмек көрсету балалардың өмірі мен саулығына тікелей қауіп төндіргенін атап өтті.
«Балаларға қажетті рұқсат құжаттарынсыз медициналық көмек көрсету олардың денсаулығына қауіп төндіріп, сапалы әрі білікті медициналық көмек алу құқықтарын бұзған», – деп хабарлады облыстық прокуратура.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін заңсыз төленген 2,5 миллион теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне толығымен қайтарылды.
Бала денсаулығына төнген қатер
Балалар стоматологиясы – ересектерді емдеуден мүлде бөлек, аса нәзік әрі күрделі сала. Жас баланың жақ-сүйек құрылысы, сүт тістерінің ерекшелігі, дәрі-дәрмектердің мөлшері мен жансыздандыру препараттарына ағзаның реакциясы ерекше білімді талап етеді.
Тиісті дайындығы мен сертификаты жоқ маманның баланың ауыз қуысына араласуы созылмалы дерттерге, инфекцияның таралуына немесе тіс сауытының зақымдануына әкеп соғуы әбден мүмкін. Степногорскідегі клиника басшылығы үшін балалардың қауіпсіздігі емес, сақтандыру қорынан түсетін оңай ақша басты орында тұрғаны анық байқалады.
Жүйелі сипат алған алаяқтық
Медициналық сақтандыру қорының қаржысын осындай заңсыз жолмен қалтаға басу елімізде қалыпты құбылысқа айналып барады. Жақында ғана Алматы облысында екі бірдей жеке стоматологиялық клиниканың басшысы балалардың дербес деректерін заңсыз пайдаланып, жасалмаған қызметтер үшін қордан 66 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырғаны үшін сотталған болатын.
Астанадағы ер адамды «гинекологқа қаратқан» жалған жазбалар, Павлодардағы жеке клиникада наркоздан соң комаға түскен үш жасар қыздың оқиғасы – бәрі бір ғана жүйелік дағдарыстың көрінісі. Жеке медициналық орталықтар МӘМС жүйесін халықтың денсаулығын жақсартатын тетік емес, қазына қаржысын сорып алатын «майшелпек» ретінде көреді.
МӘМС жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігі
Степногорскідегі оқиға денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сүзгілердің қаншалықты шарасыз екенін кезекті мәрте дәлелдеді. Жүйе дәрігердің балалармен жұмыс істеуге құқығы бар-жоғын автоматты түрде тексермей, сертификатсыз маманға 345 рет төлемді қалай мақұлдап жіберген?
Мемлекеттік ақпараттық базалар дәрігердің базалық дипломы мен оның санатын сәйкестендіре алмаса, жарияланған «цифрлық ашықтықтың» құны қанша? Қарапайым азаматтар ай сайын табысынан жарна аударып, тісі ауырғанда мемлекеттік кезекке жете алмай жүргенде, жеке клиникалардың кез келген адамды қабылдауға отырғызып қойып, бюджетті тонауы – әлеуметтік әділетсіздіктің нағыз көрінісі.
Прокуратураның араласуымен ақшаның қайтарылуы – мәселенің салдарымен күресу ғана. Денсаулық сақтау министрлігі мен Сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс алатын барлық жекеменшік клиникаларға қатаң автоматтандырылған бұғаттау жүйесін енгізбейінше, балалардың денсаулығы мен халықтың ақшасы қорғалмайды. Мұндай мекемелерге тек ақшаны қайтартып қоймай, лицензиясын біржола тартып алып, басшыларын қылмыстық жауапқа тарту ғана медицинадағы былықты тоқтата алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







