Талғар аудандық ауруханасы өкілі қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болат қандай жарақатпен жеткізілгенін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Талғар аудандық ауруханасы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Ғалымжан Есеналиевтің сөзінше, жасөспірім ауруханаға 4 қазанда сағат 00:58-де түскен.
Марқұмды және тағы бір зардап шеккен адамды — Шерзаттың ағасын ауруханаға жасөспірімнің әкесі көлігімен алып келген.
«Ол (Шерзат — еск.) агональды күйде болды. Алдын ала диагноз — кеуде қуысының ашық жарақаты, яғни сол жақтағы кеуде қуысының жарақаты. Жүрек жарақаты мен жүрек тампонадасы болды. Оған дереу медициналық көмек, жүрек—өкпе реанимациясы көрсетілді, бірақ нәтиже болмады«, — деді Есеналиев.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын мәлімдеген еді. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты.
Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.
Оқиғаға қатысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Алматы облысының прокуратурасы пікір білдірді.
“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, — деді ол.