Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, əнші Нұрлан Өнербаев қазақ тілінде сөйлемейтіндерге айыппұл салуды ұсынды. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Әншінің сөзінше, күнде бір айыппұл шығып жатыр, сондықтан халық та бір айыппұл ұсынса, жөн болмақ.
«Күнде бір айыппұл түрін шығарасыңдар! Бір айыппұл түрін халық өзіміз ұсынайық. Қазақ тілінде сөйлемейтіндерге 39 320 теңге айыппұл салынсын», — деді ол.
Айыппұлдар туралы
Қазақстанда кейінгі кезде айыппұл тақырыбы — қызу талқыға түсіп жүрген тақырыптардың бірі.
Көлікті бес минуттан артық қыздыруға қатысты айыппұл мәселесі де қызу талқыланып жатыр. Бұл талап Жол қозғалысы ережелерінде бірнеше жылдан бері бар болғанымен, соңғы уақытта оған деген назар айтарлықтай артты.
Ереженің мәні:
- Тыйым: Елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған автокөлік құралдарын бес минуттан артық уақытқа қоюға тыйым салынады, бірақ бұл тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда.
- Жаза: Бұл талапты бұзғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК.
Қоғамдық пікір:
Қысы қатал солтүстік өңірлерде бұл талапқа қатысты сын-пікірлер айтылып жатыр. Әлеуметтік желіде де эксперимент ретінде түрлі видео пайда болған.