Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекет меншігіне қайтарған DoubleTree by Hilton Almaty қонақүй кешені аукционда сатылмай қалды. Бастапқы бағасы 12,7 миллиард теңгеге бағаланған зәулім нысанды сатып алуға бірде-бір қатысушы ниет білдірмеген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сауда залында тіркелген адам болмады
Электронды сауда алаңындағы дерекке сәйкес, аукцион 25 қыркүйек күні таңғы сағат 10:00-ге белгіленген еді. Бағаны көтеру тәсілімен өтуі тиіс болған сауда-саттықты Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ұйымдастырды.
Нысанның нақты бастапқы құны 12 миллиард 759 миллион теңгені, ал саудаға қатысу үшін салынатын кепілдік жарнасы 1,9 миллиард теңгені құраған. Алайда белгіленген уақытқа дейін қатысушылар тіркелмегендіктен, электронды алаңдағы лот мәртебесі «Өткізілмеді» деп өзгертілді.
Бренд пен жиһаз сатылмайды: лоттың күрделі талаптары
Қонақүй кешені қаланың қақ ортасында – Досмұхамедов көшесі бойында, Орталық стадион маңында орналасқан. Аумағы 16,1 мың шаршы метрді құрайтын 11 қабатты кешенде 112 қонақүй бөлмесі, мейрамхана, бассейн, хаммам, SPA орталығы және үлкен банкет залы бар.
Алайда әлеуетті инвесторлардың саудадан бас тартуына лоттың қатаң әрі күрделі шарттары әсер етуі мүмкін. Сауда ережесі бойынша сатып алушыға тек ғимараттың өзі ғана беріледі. Ал ішіндегі барлық жиһаз, жабдықтар мен жылжымалы мүліктер сатылымға кірмейді.
Ең бастысы, кешенмен бірге DoubleTree by Hilton әлемдік брендінің тауар белгісі, франчайзинг келісімшарты және зияткерлік меншік құқықтары берілмейді. Яғни ғимаратты сатып алған тұлға оны танымал желі атымен тікелей басқара алмайды. Бұған қоса, нысанның баланстық құны 4,78 миллиард теңге болғанымен, сатылымға бұдан 2,6 есе жоғары бағамен қойылған.
Ғимарат мемлекет меншігіне қалай өтті?
Аталған қонақүй 2021 жылы Қайрат Сатыбалдыұлымен байланысы бар серіктестіктің иелігіне өткен еді. Кейін заңсыз иемденген активтерді қайтару процесі аясында 2023 жылдың қыркүйегінде сыйға тарту шартымен мемлекет меншігіне тапсырылды.
Дегенмен меншік иесі ауысқаннан кейін де ғимаратты бұрынғы жалға алушылар пайдаланып келгендіктен, сот шешімімен оларға кешенді босату міндеттелген болатын. Қазір қонақүй іс жүзінде бос тұр, су мен жарықтан ажыратылған, тек күзет бақылауында.
Ресми мәлімет бойынша, қылмыстық тергеу барысында Қайрат Сатыбалдыұлы мен оған қатысы бар тұлғалар мемлекет қазынасына 732,8 миллиард теңгеден астам заңсыз активтер мен қаржыны қайтарған еді. Сатылмай қалған қонақүй ғимараты алдағы уақытта қайта саудаға шығарылуы немесе басқа мемлекеттік мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







